Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Нұр Отанның» есеп беру-сайлау конференциясы

 

 

Есеп беру-сайлау конференциясы партия филиалы саяси кеңесінің биылғы жылы атқарған жұмысын қорытындылаудан басталды. Сайлауалды тұғырнамада айқындалған мақсаттар біздің өңірімізде де сәтті жүзеге асырылып жатыр деді облыс әкімі Серік Біләлов өз сөзінде. Жұмыс басты 9 бағыт бойынша жүргізілуде.

Серік Біләлов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:
– Нұротандықтар үшін биылғы жыл ерекше болды. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау қорытындылары бойынша партия айқын басымдықпен жеңіске жетті. Елбасы, партия төрағасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді жаңғырту мақсатында ауқымды міндеттер қойды. Осы бағытта облыстық филиал мүшелері бірқатар жұмыстар атқаруда.

Халықтың партияға деген сенімі артуда. Қоғамдық қабылдауларға азаматтардан 8 мың 468 өтініш түсіпті. Оның 70 пайызы – партияның облыстық филиалына жолданған. Бірталай мәселе елді мекендерде де шешіліп жатыр. Мәселен, Ақжар ауданында 30 бастауыш ұйым болса, оның құрамына 1 мың 650 адам енген. Олардың ұйытқы болуымен бірқатар іс тындырылыпты.

Ағзам Тастеміров, «Нұр Отан» ХДП Ақжар аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі:
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 жылдың ішінде 3 мыңнан астам мал алынды. «Балапан» бағдарламасы бойынша биыл 2 шағын орталық ашылды. Соның арқасында, балалардың 97 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылды.

Депутаттар партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің жұмысын бірауыздан қолдады. Бақылау-ревизиялық комиссияның атқарған ісі де олардың көңілінен шықты. Бұдан соң жиында партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері таңдалды. Оның құрамына – 43 адам еніп отыр. Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы төрағасының жаңа орынбасары таныстырылды. Енді бұл лауазымда Арман Бердағұлов қызмет етпек. Ресми бөлімнен соң бірқатар нұротандықтар марапатқа ие болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бастығы Тілеген Қаскинге «Нұр Отан» ХДП «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Ал, бірнеше азамат партияның құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Инеш Шоқақова