Мәдениет

Белорусь мәдениетінің фестивалі


 

Бүгінгі таңда облыс аумағында тоғыз мыңға жуық белорусь ұлтының өкілі бар. Тарихи отандарынан жырақта жүрсе де, олардың дені салт-дәстүрі мен туған тілдерін ұмытпаған. Қандастарымен жиі кездесіп, төл тарихтарын естеріне алып, жас ұрпаққа жеткізіп отырады. Белоруссия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас жайы да бұл жиында назардан тыс қалмады.

 Раиса Солопова, «Радзіма» белорусь мәдени орталығының төрайымы:
– Белорусь мәдениетінің фестивалі дәстүрлі түрде өткізіледі. Биыл бұл шараны Тұңғыш Президент күніне арнап отырмыз.
Бүгінде Қазақстанда қаншама ұлт өкілі бейбітшілік пен өзара ынтымақта өмір сүруде. Бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында деген ойдамын.

Қызылжар ауданының Архангелька ауылынан келген «Кали Ласка» ансамблінің құрылғанына 7 жыл болған. Отбасылық өнер ұжымы белорусь ұлтының халық әндерін орындауда алдарына жан салмайды. Бүгінгі мерекелік фестивальға да бірқатар әндерін алып келіпті.

 Тамара Ткаченко, СҚО «Радзіма» белорусь мәдени орталығының мүшесі:
– Бүгінгі таңда облысымызда қандай ұлт өкілі болмасын осы халықтар достығы үйіне келіп, өз шығармашылықтарын таныта алады. Соған біз өте қуаныштымыз. Бүгін біз жаңа бағдарламамен келдік.  

Сонымен қатар фестиваль барысында қолөнер бұйымдары көрмесі жайылды. «Өзің өмір сүріп жатқан Отанға қызмет істеу». Бұл белорусь ұлтының нақылы екен. Бүгінде бір шаңырақтың астында өзара бірлікте өмір сүріп жатқан ортақ Отанымыз – Қазақстанға қызмет көрсету парызымыз дейді жиынға қатысушылар.

Әспет Әбдірешова