Білім

Ұстаздар Кембридж университеті бағдарламасы бойынша дәріс тыңдауда

 

 

ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында өткізілетін оқу курстары енді 3 ай бойы жүргізіледі. Бұл жүйемен облыстық педагогикалық  қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 190 мұғалімнен тұратын 5 топ оқуда. Ол үшін Ұлыбританиядан арнайы екі маман шақырылып, қарашаның бесінен бәрі дәріс өткізуде.

 Бақыт Нұрышева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы СҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы:
– Жалпы облыс бойынша екінші кезеңге 190 мұғалім қатысып отыр әр ауданнан. Оның ішінде 76-сы қазақ мектептерінен. Мұғалімдердің қазіргі күні формативті бағалауы жүріп жатыр. Яғни мұғалімдер алда онымен қалай жұмыс жүргізу керек, олар жасаған жұмыстарына талдау, есеп жазады рефлексивтік және жұмыстары бойынша таныстырылым дайындап, біліктілік емтиханына дайындалып жатыр.

Біліктілік емтиханын мұғалімдер қарашаның 25-і тапсырады. Оның нәтижесі бойынша оқу курстарынан өткендерге сертификаттар табысталады. Ал ол құжат мұғалімдер жалақысын алдағы уақытта 30 пайызға арттыруға негіз болмақ. Заманауи сабақ беру әдістемесіндегі шетелдік білім саласы мамандарының озық тәжірибесіне сүйеніп, оны өз жұмыстарында қолдану әдісінің берері мол дейді жергілікті мұғалімдер.

Құндыз Әлімова, Кішкенекөл мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:
Біз 9 қыркүйек 6 қазан аралығында теориялық білім алдық. Содан кейін мектепте істәжірибе өту кезінде алған теориямызды тәжірибемен ұштастыра алдық. Енді қазір сол нәтижелерді жинақтап, талдап, саралау арқылы ортақ нәтижелер шығарып жатырмыз.

 Күлжиян Нұрышева, Чистопол орта мектебінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша сабақ  оқып жатырмыз. Осы ағылшын мұғалімдерінің берген сабақтары бізге өте ұнады. Біз көптеген модульдер бойынша жұмыс жасап, оқыту процесіндегі өзгерістерді түсініп, өзіміздің біліктілігімізді көтеріп жатырмыз.

Ұлыбританиядан келген білікті ұстаз Ричард Мессенджер мұндай дәрістерді әлемнің бірқатар елінде өзінің әріптестеріне оқыған екен.

 Ричард Мессенджер Найл, мұғалімдердің жаттықтырушы ұстазы, Ұлыбритания:
– Қазақстанға осыдан 10 жыл бұрын келген болатынмын. Мен Астанада бір мектепте дәріс оқыдым. Биыл осында шақырып отыр. Оған мен қуаныштымын. Себебі Қазақстаның білім беру саласында оң өзгерістер айтарлықтай көрініп тұр. Жалпы сабақтарымды жеті модуль бойынша өткіземін.

Жалпы жыл басынан бері қайта даярлаудың үш айлық курстарынан 300 мұғалім біліктіліктерін көтеріп шықпақ.

 Әспет Әбдірешова