Құқық қорғау органдары

Қазақстан жол полициясының құрылғанына – 20 жыл

Жол полицейлерінің қызметі қауырт әрі қауіпке толы.

Жол бойындағы тәртіпті қадағалап, өз міндеттерінде аса зор жауапкершілікті арқалаған осы саланың қызметкерлері бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына – 20 жыл толуын атап өтуде. Жергілікті тәртіп сақшыларын олардың кәсіби мерекесімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Өңіріміздің жол полициясы қызметкерлері жүйелі жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта сіздер жолдағы қауіпсіздікті қадағалауда, азаматтардың тыныштығын сақтауда, қылмыспен күресте зор еңбек атқарады деген сенімдемін.  

Жол полицейлерінің кәсіби мерекесі күні ішкі істер органдары саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар, сала арадгерлері облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Әбдірахман Тоқышевтың бұл саладағы еңбек өтілі 30 жыл. Марапатқа ие болғандардың қатарында ол да бар.

Әбдірахман Тоқышев, СҚО ІІД ЖПБ ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Барлық ардагерлерді, жұмыс істеп жүрген инспекторларды 20 жылдықпен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақыт, жақсылық тілеймін. Құдайға шүкір, 30 жылдың арасында мен бір сөгіс етіп көрген жоқпын, жұмыс қиын болса да шын көңілмен қызмет істедім.

Сонымен қатар жиын барысында өз жұмысын орындауда жақсы қырынан көрінген тәртіп сақшыларының біразы «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Солардың бірі жол полициясы батальонының аға инспекторы Олег Ковалев.

Олег Ковалев, жол полициясы жеке батальонының аға инспекторы:
Жол полициясы басқармасына мен 1998 жылы келдім. Жалпы бұл саладағы еңбек өтілім – 15 жыл. Бүгін жол полициясындағы мінсіз қызметі үшін медаліне ие болдым. Өте қуаныштымын.

Мерекеде «Бағдаршам -менің жолдасым» деген атаумен 5-7 сынып оқушылары арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылынан келген 12 жасар Әйгерім Ибрагим бұл сайыста үшінші орынға ие болған.

 Әйгерім Ибрагим, Бұлақ орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
– Мен жол жүру ережесін білемін. Мысалы, қызылда біз тоқтаймыз, сары жанса күтеміз, ал жасылда біз жүреміз. Мен суретімде ата-аналарды, балаларды кетіп бара жатқан және бағдаршамды салдым. Жол ережесін барлық адамдар, балалар да білу керек.

Облыс аумағында жолдағы тәртіпті шамамен 300-ге жуық жол сақшысы бақылайды.

Әспет Әбдірешова