Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев келді

 

 

Қырымбек Көшербаев маңызды жұмыс сапарын Есіл ауданы Покровка селосындағы аграрлық-техникалық институттан бастады. Вице-премьер жоғары оқу орнының техникалық қамсыздандырылуын қарап, ауыл шаруашылығы саласының болашақ мамандары даярланатын оқу кабинеттерін көріп шықты. Қырымбек Көшербаев институттың дамуына оң бағасын берді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Институттың қолда бар базаның негізінде құрылғаны дұрыс болды. Мұнда теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндіктер жасалған. Бұл әсіресе аграрлық сала мамандары үшін үлкен мүмкіндік.

Бұдан кейін, мәртебелі мейманға Покровка селосындағы “Достық” шаруа қожалығы көрсетілді. Биыл мұнда  қазақтың ақ бас тұқымды 5 торпағы пен 98 тайыншасы алыныпты. Оған қоса қожалық еділбай тұқымдас 500 қой сатып алу үшін 20 млн теңге несие рәсімдеген. Облыс әкімі Серік Біләлов Қырымбек Көшербаевқа шаруашылықтың жақсы қарқынмен өсіп жатқанын айтты. Қызылжар ауданындағы “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің де ісі оңға басуда. Мұнда қазір 5 826  ірі қара бар. Асыл тұқымды малды талапқа сай бағуға жақсы жағдай жасалған. Вице-премьер, сондай-ақ, шаруашылықтың мақтанышы – асыл тұқымды тұлпарларды тамашалады.  
Осыдан кейін Қырымбек Көшербаев Петропавлдағы “Сұлтан элеватор-макарон-ұн үгу кешені” АҚ-на барды. Мұнда өндіріс корпусын көріп, жұмыс барысымен танысты.
Қырымбек Көшербаев “Молпродукт” ЖШС-ң де жұмысына жақсы баға берді. Кәсіпорын ультра пастерленген сүт, сұйық сүт өнімдері және йогурт пен шырын әзірлейді. Қуаттылығы жылына 85 мың тонна өнім дайындауға жетеді екен. “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы да вице-премьердің назарынан тыс қалған жоқ. Мир көшесі, 110 мекен жайындағы тұрғындар өздерінің ризашылықтарын білдірді. Өйткені, жылдар бойы жөнделмеген баспана мәселесі енді шешімін тапты дейді олар.

Осындай бағдарламының барына өте қуаныштымыз. Шатырымыз жөнделді, жылу жүйесі де ауыстырылды.

Машина жасау саласы да даму үстінде. Қырымбек Көшербаев вагон шығаратын “ЗИКСТО” АҚ-нда болды. Премьер-министрдің орынбасары вагон жинақтау цехын қарап, өндіріс барысымен танысты.
Ал, Петропавл ауыр машина жасау зауытында Қырымбек Көшербаев көтергіш-транспорттық механизмдер цехын аралады. Кәсіпорын биыл ауқымды жұмыс атқарыпты. Яғни, 7 млрд теңгенің келісімін жасасқан.
Одан кейін Қырымбек Көшербаев “СевКазЭнерго” АҚ-ң №2-ші жылу-энергия орталығындағы қазандық пен турбина цехтарында болды. Мұнда вице-премьерді қала қыста жылусыз қалмайды деп сендірді. Жалпы, Қырымбек Көшербаев облыстың дамуын жоғары бағалап отыр.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– СҚО жылыту маусымына жақсы дайындалыпты, шешілмеген мәселе жоқ. Өндіріске қатысты айтатын болсақ, Үдемелі-индустриалды даму бағдарламасында жоспарланған барлық жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы үшін қиын жыл болды, десе де, диқаншылар астықты құрғақшылықтан абыройлы алып шықты.

Данаш Хамзина