Қоғам

“Достықтың жол картасы-2012” жобасының эстафетасы Қостанай облысына берілді

 

 

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

Рухани сабақтастық идеясы ШҚО бастау алды. Достықтың шырағы Павлодар, Қарағанды өңірлерін де шарлап өтті. Кейін ауызбіршілікке үндейтін шараны ақмолалықтар  СҚО-ға табыстады. Өлкемізді 20 күн қонақтаған тың жоба енді Қостанайға жол тартты. “Достықтың жол картасы- 2012” жобасы 450 шақырымды артта тастады. Татулық кітабын солтүстікқазақстандықтар  келесі аялдамаға жеткізді. Ел көлемінде кең етек жайған достық керуені игі ниет жолынан адаспағанымыздың енді бір дәлелі.  

Өңір делегациясын қостанайлықтар ұлттық дәстүрге сай үкілі домбыраның әсем сазымен қарсы алды. Наннан ауыз тиіп, шашу шашылды. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Сұңқардың қанаты, тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ еліміз – келісімнің киелі бесігі, тұтастықтың құтты мекені. Еңсесі биік, босағасы берік, тұғырлы мемлекеттің басты құнды қазынасы бірлігі жарасқан халық. Енді бір аймақтың мәдениеті кірістірілген ауқымды жобаны қолдаушылар Қостанай облысының Достық үйінде бас қосты.

Жұмат Басшыбаев, Қостанай облыстық Достық үйінің бас маманы:
– 2006 жылы Елбасымыз ашқан Достық үйінде 18 мәдени орталық жұмыс жасайды. Қосылып үлкен мейрамдар өткіземіз. Наурыз, бірлік, қала күндерінде ұлттар өздерінің дәстүрлерін көрсетеді.  

Қазақстан халқы Асамблеясы қазақ жерін мекендеген ұлттар достығының алтын діңгегі іспеттес. Әр ұлыстың ұйытқысы, санастықтың берекелі бекеті, этносаралық дамудың іргелі институты.

Антон Труханов, Қостанай облыстық Достық үйінің директоры:
Біз мәдени саяхат жобасы аясында облысымыздың аудандарын зерттеуге кірістік. Бүгінде ауыл-село тұрғындарының жүрек қалауы, ізгі тілегімен 60-қа тарта этноорталықтар құрылды. Әлеуметтік институт көпшіліктің көкейкесті мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері тілдері мен салтын ұмытпас үшін 10 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.  

Солтүстік Қазақстан өлкесінде бұл төңіректе алға басқан жетістіктерімен бөлісті. Өңірімізде 20 ұлт өкілдерінің 200-ден артық шәкірті білгеніне білім қосып жатқан ұлттық өркендеу мектебі бар. Білім ордасының іргесі 1991 жылы қаланып, тәуелсіздікпен қатар дамып келеді. Ұлттық дәстүрді жандандыруға бағытталған оқу кешенінде «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды берік ұстанады.

 Гүлмира Кәрімова, №17 ұлттық өркендеу мектеп- кешенінің директоры:
– Мектеп-кешенде 9 арнайы ұлттық бөлім жұмыс жасайды. Өз тілдерін, тарихын оқиды, мәдениетімен танысады. Бірлік жобасы жүріп жатыр. Мақсат мектеп алды, мектеп жасындағы, жоғарғы буын оқушыларын толеранттылық қасиетін дамыту.  

Жалпы облысымызда 100-ден астам ұлт өкілі, 117  этно-мәдени орталық бар. Тілдері мен діндері бөлек болғанымен мақсаттары бір. Қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру.

 Елена Мезева, Қазақстан Халқы Ассамблеясы СҚОФ хатшысы:
– Мегажоба жеткен 6-шы облыс. Біз өзіміздің бетке ұстар жобаларымызбен бөлісуге келдік. Сондай-ақ Қостанай облысының жұмысымен танысып, өзімізге қажетті деген тартымды тұстарын ендіретін боламыз. Тәжірибе алмасу әңгімесінің барысында жастарды отансүйгіштікке баулитын танымдық игі шаралары қызықтырды.
Кәрібай Мұсырман, “Халықаралық қазақ тілі қоғамы” СҚОФ төрағасы:
– Жоба тәжірибе алмасу, этносаралық бірлікті, өңірлердегі қарым қатынасты нығайтуға, Мәдениет пен өнер саласында серпіліс туғызуға игі әсерін тигізеді деп ойлаймын.  

Кейін өңіраралық әріптестікті көздеген шара Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында жалғасты. Жиынды ашқан СҚО әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қостанайлықтарға өңір басшысы Серік Біләловтың сәлемін жеткізді.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
Бүгінгі кездесу аясында Қазақстан халқының бірлігін, еліміздегі келісімді, этномәдени бірлестіктер арасындағы мәдени байланысты нығайту жолында пікір алмасу, тәжірибе жинақтауды мақсат етіп келдік. Жалпы көршілес Қостанай облысымен экономикалық, шығармашылық қарым-қатынас қалыптасқан.  

Фархад Қуанғанов достық кітабын салтанатты түрде қостанайлықтарға ұстатты. Кейін эстафета Ақтөбе облысына жол тартады.

 Серік Бектұрғанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
– Бірлігі жарасқан еліміз тың бастаманы қолға алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы тек бізде ғана бар. Шекарамыздың аржағындағылардың біршамасы ынтымақтың түп қазығы дана саясатымызды үлгі тұтады. Біз ұлттық жобаны үзбеуге сөз береміз.  

Бұдан соң өңірімізден ат терлетіп келген этномәдени бірлестіктер достықтың қасиетін жоғары бағалайтындарын ән жырмен жеткізді. Үздік өнер ұжымдары қостанайлықтарға әуенді де әуезді кеш ұсынды. “Әл қиса” фольклерлық ансамблі осымен үш жыл түрлі халықтың шекті, үрлемелі, соқпалы, клавишті ұлттық аспаптарын үндестіріп жүр. Негізінен шығыс елдерінің көне музыкалық аспаптары. Әсем әуендері тіпті шетелде танылыпты.

 Заңғар Мүбәрак, “Әл қиса” фольклерлық ансамблінің мүшесі:
– Ансамбль Астана, Қостанай, Ақтөбеде, еліміздің сыртында да байқауларға қатысады. Жазда Франция мен Кипр, Ресейге барды. Жалпы қазақтың ұлттық мәдениетін әлемге танытып жүрміз.

Біз өзгені өзектен теппеген халықпыз. Кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түскен басқаны пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды. Бауыр басқан  ұрпақтар жарқын болашақты бір адамдай ұйып, бірге қалап жүр. 100-ге тарта өнерпаз осыны дәлелдеуге тырысып бақты.

 -Ұлтым татар. Ата-жұртымнан алыс тұрсақ та, ұлттық құндылықтарымызды ұмытқан жоқпыз. Бұған облысымызда жағдайлар жасалынған. Ана тілімізбен қатар өзге тілдерді оқимыз. Осындай шаралар арқылы түрлі мәдениетпен танысамыз.
Біздің ұжымымыз шағын мемлекет сияқты. Түрлі ұлт өкілдерінен құрылған. Бәріміз бір ананың балаларындаймыз.  

“Бірлік түбі – береке” екенін мың бұралған бишілеріміз де аңғарттты. Өнерпаздар көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін түрі халықтың әдет-ғұрпын кеңінен паш етті.

 Михаил Лахтин, “Туған жер” би ансамблінің жетекшісі:
– Өңіріміздегі ұлттардың халық билерін насихаттап жүрміз. СҚО түрлі ұлттар көптеп шоғырланған. Сондықтан репертуарымыз бай.  

Қостанайлықтар орындарына таңылып, концерттен айыздары қанып шықты.

 -Концерт басқа келген облыстардан өте ұнады. Сіздерде орыс халқы көп болғанымен қазақша тілдеріңіз бізден асып түсті.
Өте керемет. Көңілімізден шықты. Бишілері таң қалдырды. Осындай шаралар көп болса деген тілектеміз.
Жастардың өнері тамаша екен. Маған өте ұнады Өнерлері өрге жүзсін.

Осылайша барлық облыстарды жіпсіз байлайтын “Достықтың жол картасы-2012” кітабы шілде айында Елбасына табысталмақ.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

Байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтаған отандастарымыз бір мүддеге құя біледі. Қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне тәуелсіздік оты жанғалы сызат түскен емес. Ендеше достығымызды көздің қарашығындай сақтап, баянды етейік. Барша қазақстандықтың пікірі осыған саяды.  

Жеңіс Ермұқанов