Бизнес және экономика

«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы Қызылжар ауданында өз жемісін беруде


 

Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында тұратын Садуовтар жанұясы өз ісін дөңгелеткендердің бірі. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 2 млн несие алу арқылы бүгінде өз шаруашылығын кеңейткен «Арман» шаруа қожалығында 17 бас жылқы бар. Жылқы өсіру 1995 жылдан бері бұл жанұяның отбасылық кәсібіне айналыпты.

 Сәлима Садуова, «Арман» шаруа қожалығы жетекшісінің қызметін атқарушы:
– Жылқы өсіріп, жазда жайлауға шығып, қымыз сауамыз. Қымызымызды алатын кісілер өте көп. Биыл несие алып, басымызды үлкейтіп, 6 жылқы алып өзіміздің жылқыларға қосып алдық. Алғанымыз енді сауын бие. Әзірше өзіміздің күшімізбен атқарып жатырмыз бар шаруаны.  

Бүгінде ауылды жерде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау бар. «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.Сонымен қатар бағдарламаның 4-ші бағыты – ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша Қызылжар ауданында бірқатар нысандар жөндеуден өтті. Бескөл ауылында аудандық аурухана қалпына келтірілді. Фурманово, Калинин және Дорожная көшелерінің жолдары жөнделді.

 Марат Нубаев, Қызылжар аудандық жұмыспен қамты орталығының маманы:
– Қызылжар ауданында жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Нақтырақ айтсақ, оның екінші бағыты ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бойынша жалпы сомасы 84 млн 50 мыңды құрайтын 34 несие берілді. Оның ішінде 12-сі кәсіпкерлікті кеңейтуге, 22-сі жаңа кәсіпкерлікті ашуға бағытталды. Екінші бағыт бойынша біз жоспарды екі есе артық орындадық.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жастар тәжірибесіне – 30, әлеуметтік жұмыс орындарына 60 адам бағытталған. Оның 9-ы бүгінде тұрақты жұмысқа орналасыпты. Жастар тәжірибесі бойынша 5 айдан бері еңбектеніп жүргендердің бірі – Индира Мұхамеджанова. Солтүстік Қазақстан университеті  колледжін құқықтану мамандығы бойынша тәмәмдаған ол бүгінде Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінде тәжірибесін шыңдап жүр.

 Индира Мұхамеджанова, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушы:
-Оқуымды бітіргенде осы бағдарламаның қатысушысы болдым. Өте қуаныштымын осы жерге келгеніме. Жұмысым жақсы. Осында көптеген тәжірибе алдым. Өкінбеймін. Енді мүмкіндік болса, осында қаламын.

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» деп аталатын үшінші бағыты бойынша ауданда 5 үйдің құрылысы аяқталып, 5 отбасы пәтер кілтіне ие болған.

Әспет Әбдірешова