Спорт

Кикбоксингтен “Қызылжар” турнирі

 

 

Дәстүрлі жарысқа спортшылардың осылайша белсене қатысуы тегін емес. Өйткені дәл осы жарыста мықтылардың мықтысы анықталып, үздіктері кикбоксингтен ұлттық құрамаға енеді. Яғни ел намысын әлемдік рингтерде қорғайды. Алғашқы болып шаршы алаңға петропавлдық Самат Қадырбеков пен астаналық Сергей Трифонов шықты. 1-ші раундтан бастап басымдық жерлесімізде болды. Ал оның көк бұрыштағы қарсыласы негізінен қорғанысқа мән берді. Нәтижесінде аяқпен тиісті жұмыс істемегені үшін төрешіден ескерту алды. Ереже бойынша бір раундта аяқпен 6 рет соққы жасап үлгеру қажет. Бұл кездесуде бірауыздан жеңіс Самат Қадырбековке берілді.

 Самат Қадырбеков, кикбоксингтен әлем біріншілігінің жеңімпазы:
– Бұл жарыста Азия чемпионатына іріктеу өтеді.
1-ші кездесуім сәтті аяқталды. Әлі 2-уі бар.

Барлығы 3 раунд. Әрқайсына 2 минуттан берілген. Осы уақыт аралығында спортшы өзінің шеберлігі мен айла-тәсілдерді жетік меңгергендігін көрсете білуі тиіс. 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 2-ші жұпта бұл павлодарлық Дін-Мұхаммед Сәрсенбектің қолынан келді. Жалпы аталмыш өңірден жарысқа 17 спортшы қатысып отыр.

Дін-Мұхаммед Сәрсенбек, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:
Мен кикбоксингпен 4 жыл айналысамын. Өзіме өте ұнайды. Осы жарысқа барынша дайындалдым. Жүлделі орыннан көрінетініме сенемін.

Бұл жолы 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталмақ.

Талап Мұхитов, жарыс төрешісі:
Қазіргі таңда бұл спортқа деген талап біршама өзгеруде. 2 жылдан бері К-1 түрін енгізудеміз. Мұнда тіземен соққы жасау қарастырылған.

Тартысты турнирдің жеңімпаздары жексенбі күні анықталмақ.

Инеш Шоқақова