Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үнемдеп жұмсалса, су қымбат болмайды

 

Дөңгелек үстелде «Қызылжар су» ЖШС-ң ағымдағы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарының қорытындысы айтылды. Тындырылған іс аз емес.

Ержан Құсымбаев, «Қызылжар су» ЖШС техникалық директоры:
-Өз қаражатымызға жалпы сомасы 218 млн 46 мың теңге болатын жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ұзындығы 12 км болатын су желілерін жаңасына ауыстырдық. Әлі де тындырар іс қыруар.

Сондай-ақ жиында ауыз суға белгіленген жаңа тариф жайлы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, жаңа тарифке сәйкес есептегіш құрылғыны орнатқан азаматтар азырақ шығындалады. Жиында келтірілген деректерге қарағанда мұндай жабдығы бар, айына 1 адам үшін 3 текше метр көлемінде суды пайдаланатындар 41 теңге 19 тиын, ал тіршілік көзін бұл көрсеткіштен асырып тұтынғандар 50,66 төлейтін болады. Есептегіш құрылғыны орнатпаған тұтынушылар үшін ауыз судың құны 61 теңге 78 тиынды құрамақ. Мамандар жабдықты орнатқан жандардың шығыны қаншалықты азаятынын мысалдар келтіріп дәлелдеді.

Елена Петрова, «Қызылжар су» ЖШС бас экономисі:
-Есептегіш құрылғысы бар азаматтар азырақ төлейді. Мәселен, 3 жаннан тұратын жанұяны алайық. Олар 9 текше метр су пайдаланды делік. 41,19 теңгелік тариф бойынша 370,71 теңге төлейді. Ал 50,66 теңгелік тариф бойынша 421,37 теңге төлейді. Бұл құрылғыны орнатқан жағдайда. Егер жабдықты орнатпаса, онда осыншама көлемде пайдаланған су үшін 1409,46 теңге төлейді.

Жылдан жылға есептеу құрылғысын орнатқысы келетін солтүстікқазақстандықтардың қатары артып келеді дейді мамандар. Бүгінде жерлестеріміздің 80 пайызға жуығы аталған жабдықты орнатқан екен. Есептегіш құрылғысының пайдасы бар ма жоқ па – тұрғындардың өздерінен білуге тырыстық. Алайда олардың ойлары бір жерден шықпады.

Бізде есептегіш құрылғы орнатылған. Өте пайдалы. Ақшаны үнемдейді.
Мен жалғыз тұрамын. Сондықтан есептегіш құрылғысын орнатпаймын.
Жабдықты орнатқаннан пайда бар деп ойлаймын. Алайда біз бұл жабдықты орнатпадық, өйткені машақаты көп.

Қарашаның 30-нан облысымыздың тұрғындары коммуналдық қызметті жаңа тарифке сәйкес төлейтін болады.

Айдана Демесінова