ТКШ

Шатыр шетінде қатқан мұз қауіпті

 

 

Облыс орталығындағы ғимараттардың көбінде шатырлардан салбырап тұрған сүңгілер аттаған сайын кездеседі. Кейбір сауда орындарының маңындағы мұз, кәдімгі, найзадан кем емес. Бұл жерлерден адамдар өтуге қорқамыз дейді. Өйткені, кез-келген уақытта сүңгі сынып кетуі мүмкін. Найза мұздарды кім жинауы керек деген сұрақпен біз қалалық әкімдіктегі тұрғын үй инспекциясына телефон шалып едік, ондағылар біз бұнымен айналыспаймыз, мүмкін, төтенше жағдай жөніндегі мамандардан сұрап бірлерсіз деп сілтеді. Жағдайдың мән-жайын жеке пәтер иелері кооперативтері ассоциациясының төрағасы Сергей Худяков ажыратып берді.

  Сергей Худяков, Петропавл қ. ПИК ассоциациясының төрағасы:

– Шатырдағы қарды түсірумен және сүңгілерді алумен жеке пәтер иелері кооперативтері айналысуы қажет. Төраға мен есік алдын сыпырушыға төбеге шығудың қажеті жоқ. Өйткені, өте қауіпті. Ол үшін арнайы мамандар жалдануы қажет. Бұл тұрғындардың жалпы жинаған ақшасынан қарастырылуы тиіс.

Мұндай қызметтің сағаты шамамен 5 және 7 мың теңгенің маңайында екен. Бүгінде қалада барлығы 576 пәтер иелерінің кооперативі тіркелсе, соның нақты жұмыс істейтіні 400 екен.Бірақ, мұздарды алып жатқан ешкім көрінбейді. Жеке пәтер иелерінің міндетін қаншалықты атқарып жатқанын тексеру – қалалық тұрғын үй инспекциясының жұмысы дейді Сергей Худяков.
Дегенмен, адамдардың үй шетінен аулақ немесе үнемі жоғары жаққа қарап жүруіне тура келеді.  Сол себепті, бұл найза мұздар біреудің төбесін теспей тұрғанда жағдайдың алдын алған жөн.

Данаш Хамзина