Қоғам

“Мемлекеттік сараптама” кәсіпорны өткен 10 айды қорытындылады



 

 

Ағамдағы жылдың 10 айында Республикалық “Мемлекеттік сараптама” кәсіпорны облыстық филиалы жалпы сомасы 65,896 миллиард теңгені құрайтын 607 жобалық құжаттаманы қарастырған. Олардың басым бөлігі “Ақ бұлақ”, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысты болса, соның елуі қазіргі күні облыс орталығында жүзеге асырылып жатыр.

Валерий Дорошенко,”Мемлекеттік сараптама” РМК СҚОФ директоры:

-Бізге түскен 607 өтінішті тексеріп, саралау барысында оларға тағылған мін мен ескертпелер 24 мыңнан асып жығылады. Көптеген құжаттар қайта жөндеу үшін кері қайтарылды. Ондағы мақсат бірінші кезекте сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.  

Жобалаудағы басты кемшіліктер, құрылыстың нақты сомасының көрсетілмеуі, инженерлік желілердің толыққанды шешілмеуі, құрылыстың берік конструкциялармен қамтамасыз етілмеуі. Қолданысқа берілген жаңа нысандарды тексеру барысында анықталатын басты олқылықтар да осылардан шығады. Мамлют қаласындағы 300 орынға шақталған мектеп құрылысының жұмыс жоспарын тексеру барысында одан 240-қа жуық кемшіліктер табылған. Бас жоспарлаушы астаналық “Техноактив ” серіктестігі. Жобаны оңтайландыру тұрғысында қабылданған шешім бойынша ғимараттың аумағы нормаға сай  3888,72 шаршы метрді құрау керек. Алайда ол 5575,8 шаршы метрге жеткен.

  Тамара Волокова, “Севгражданпроект” ЖШС директоры:

-Жоспарлауда қиындықтар да кездеседі. Солардың бірі жер асты желілері. Олардың көбі иесіз, оның қайсысы кімге тиесілі екендігін анықтау ұзақ уақытты талап етеді. Біз тапсырыс берушіні бөгейміз. Ал нысан белгіленген мерзімде тапсырылуы керек.  

Қаржы бар, құрылысқа бөлінген соманы уақтылы игеру қажет. Бірақ көп жағдайда құжаттардың дайын еместігі мен жоспарлаудың бөлек-бөлек жүргізілуі қолбайлау болады. Алайда нысанды белгіленген мерзімде тапсыру қажет. Ал асығыстықтың салдары сапаға әсер етпей қоймайды.

  Геннадий Астафьев,  СҚО құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры:

-Белгіленген технология бар. Біз оны сақтауымыз керек. Сонда ғана сапа болады. Мәселен қыстың күні жүргізілген көпқабатты үйдің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталысымен оны бірден жылуға қосу керек. Өйтпеген жағдайда қабырға сылақтары суықтан жарылып түсіп қалады. Артынан оған құрылысшыларды кіналап жатады. Бұл дұрыс емес.

Құрылыс жүргізу барысында орын алып жататын келеңсіздіктердің алдын алу үшін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек ету керек. Сонда ғана атқарған жұмыстың нәтижесі мен сапасы болады. Бұл жиында айтылған ойлардың ортақ шешімі.

Самат Есмағи