Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау басқармасы өткен 9 айды қорытындылады

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстың денсаулық сақтау саласында бірқатар оң өзгерістер байқалған. Мәселен, қан айналымы аурулары – 19, балалар өлімі – 12, туберкулез – 36 пайызға төмендеген. Бұл медицина саласына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың арқасы дейді мамандар. Жыл басынан бері облысқа 104 жас маман келген. Дегенмен кадр тапшылығы әлі де түбегейлі шешілген жоқ.

 Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары:
– Биылғы жылы біз шамамен 700-ге жуық дәрігер мен 3573 медицина қызметкерлерін оқыттық. Яғни дәрігерлерді оқыту бойынша біз жоспарды 100 пайызға орындадық.Жаңа технологияларды енгізуге байланысты 6 мекемеде жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.  

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы қыруар жұмыс тындырылды.

 Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары:
– Бұл бағдарлама бойынша біз негізгі алты бағытта жұмыс істейміз. Айталық профилактикалық іс-шараларды күшейту, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау сынды бағыттарға аса үлкен мән беріледі.

Медициналық техникамен жарақтандыру мақсатында биылғы жылы 795 млн теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде 3-ші қалалық ауруханаға тамограф сатып алынды. Қазіргі уақытта облыста 28 аурухана мен 103 амбулаторлық-поликлиникалық ұйым бар, сонымен қатар 2 жылжымалы медициналық кешен мен 479 медициналық және 46 фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істейді.

 Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары:
– Сонымен бірге дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етуге байланысты диспансерлік есепте тұрған науқастардың регистрі бар. Бұл бізге қажетті дәрі-дәрімекті алдын ала сатып алуды жоспарлауға және қадағалауға мүмкіндік береді.

Жалпы жыл басынан бері 79 096 солтүстікқазақстандыққа 1000-ға жуық ота жасалған. Оның ішінде 812 адам жоғары мамандандырылған дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Әспет Әбдірешова