Құқық қорғау органдары

Қылмыстық статистика басқармасы 10 айды қорытындылады

Ағымдағы жылы өңірімізде тіркелген заңбұзушылықтардың артқаны байқалып отыр. Өткен жылғымен салыстырғанда биыл бұл көрсеткіш 13 пайызға өсіпті. Тіркелген фактілердің  дені бұрынғыдай Петропавл қаласы, Тайынша, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарына тиесілі. Мұндай жағдайдың аталған аудандарда орын алуы – халық санының көп болуында дейді мамандар.

 Махаббат Темірбекова, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

-Жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілуіне байланысты тіркелген қылмыс көрсеткіші көбейіп отыр. Яғни қазір құқық қорғау органдарына келіп түскен барлық шағымдар электронды түрде тіркеледі. Сондықтан да әрбір азаматтың шағымы тіркеуге алынады.

Кейін құқықбұзушылықтың деңгейі анықталып, кейбіреулері расталмайды. Осылайша үстіміздегі жылы құқық қорғау органдарына келіп түскен шағымдардың 33 пайызы негізсіз болып шыққан. Облыстағы қылмыстық жағдай бірқалыпты дейді мамандар. Ауыр қылмыс деңгейі 3,1 пайызға, ал аса ауыр қылмыстың саны 41,1 пайызға кеміді. Биыл мұндай қылмыстың бетін ашу көрсеткіші төмендепті.

Махаббат Темірбекова, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:
 -Ағымдағы жылы қылмыстың ашылуы көрсеткішін есептеудің жаңа формуласы енгізілді. Бұрын бұл көрсеткіш қылмыстық іс қозғалған заңбұзушылықтар санынан ғана есептелсе, қазір тіркелгендердің санына қарап есептеледі. Қылмыстың бетін ашу деңгейінің төмендеуі осыған байланысты.

Жақын арада «Шектеу» жобасы іске қосылуы мүмкін. Мұндай жағдайда борышы бар азаматтар шетелге шығарылмайды.

Айдана Демесінова