Қоғам

“Есте сақта және ойлан” акциясы



 

Қираған көліктердің барлығы жол-көлік оқиғасына түскен. Әрқайсысының өз қайғылы тағдыры бар. Бұл көрініс кез-келген адамға ой салуы тиіс дейді полицейлер. Себебі республикада, қала берді біздің өңірде жол оқиғасы ушығып тұр. Ішімдік ішіп рөлге отыру, жол ережесін сақтамау, санай берсе себептері өте көп.

Мереке Дәулетбаев, СҚО ІІД ЖПБ бөлім бастығы:
-Биылғы жылы жол-көлік оқиғасынан 60 адам қаза болды, 400-ге жуық адам дене жарақатын алды. Статистикалық мәліметтер жағдайдың жақсы емес екенін көрсетіп отыр. Жалпы Қазақстан бойынша жылына жол апатынан үш мыңға жуық адам өмірлерімен қоштасады екен. Сол себепті де бұл аса өткір мәселелердің бірі болып отыр.

«Есіңе сақта және ойлан» деп аталатын акция бүкіләлемдік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні аясында барлық жол қозғалысына қатысушы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналып өткізіліп отыр. Эвакуацияланған машиналар тізбегі қаланың адамдар көп жүретін, жол қозғалысы қалың орталық көшелері арқылы өтті. Руслан Шайдулин осыдан екі жыл бұрын көлігімен аударылып, 2 ай бойы аурухана төсегіне таңылыпты. Өмір мен өлім арасындағы қауіпті жағдайдан өткен ол жол-көлік оқиғасы – барша адамзаттың ортақ мәселесі дейді.

  Руслан Шайдулин, акцияға қатысушы:
-Жүргізушілер жолда өте  ұқыпты болу керек. Өйткені олар тек  өз өмірлеріне ғана емес, сонымен қатар жол бойындағы барлық адамдардың өміріне жауап беретінін есте сақтаған жөн. Жол қозғалысының ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмағаны дұрыс.  

Акция соңында сапаржай маңына жиналған қауым мен полиция қызметкерлері жол оқиғасы кезінде қаза болған құрбандарды еске алу мақсатында көкке шар ұшырды.

Әспет Әбдірешова