Спорт

Гір көтерушілер турнирі



 

Тартысты додаға гір спорты десе ішкен асын жерге қояр ауыл және қала спортшылары жиналды. Ашық біріншілікке сондай-ақ ресейлік атлеттер де келіпті. Түмен облысы Есіл қаласының спортшысы Борис Полетайкин 58 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол екі қолмен 16 кг тасты 8 жарым минуттың ішінде 62 рет жұлқи көтерді. Осылайша спортшы қарсыластарына қарағанда өзінің мықты екенін дәлелдеп шықты.

Борис Полетайкин, жарысқа қатысушы, Түмен облысы:
Спорттың бұл түрі нағыз ер жігітке тән деп ойлаймын. Мен уақытымды босқа өткізбей, спортпен шұғылданғанды құп көремін. Петропавлда ұйымдастырылатын жарыстарға алғаш рет келіп тұрған жоқпын. Бұған дейінгі өткен сайыстарда екінші, үшінші орындарды иеленген едім.  

Ал, Тайынша ауданынан келген ауыр атлет Руслан Файзуллин бірден 24 келелік тасты бағындыруға тырысты. Тек Руслан ғана берілген уақыттың соңына дейін еш мүдірместен ауыр тасты 61 рет екі жұлқи көтерді. Оның спорттың бұл түріне ден қойғанына не бары 1 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде облысымыздың чемпионы атанып үлгеріпті.

  Руслан Файзуллин, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:
Мен бас жүлдені жеңіп алу үшін келдім. Спорттың бұл түрімен айналысуыма жаттықтырушы себепші болды. Жақында мамыр айында өткен жарыста 1 орынды иелендім. Әрдайым 16 келілік тасты көтеруші едім. Бұл жолы 24 кг бастадым.  

Сондай-ақ тартысқа 4 қыз қатысып, бір қолмен серпе көтеруде өнер көрсетті. Бұрымдылардың арасында облысымыздың гір көтеруден спорт шебері Елена Костенко да болды. Елена облыстық турнирде қатарыма тағы үш қыздың қосылғаны қуантты дейді.

 Елена Костенко, гір көтеруден спорт шебері:
– Жарысты жақсы көңіл-күймен бастадым. Барлығы қолдау көрсетіп тұрды. Өзімнің көрсеткішіме көңілім толады. 16 келілік гірді 192 рет көтеру жақсы нәтиже деп ойлаймын.  

Облыстық біріншілікке 60-тан астам спортшы атсалысты. Жарысқа қатысушылар 16, 24, 32 келілік тасты жұлқып және серпе көтеруден сайысқа түсті.Әрбір ауыр атлетке 10 минут уақыт берілді.

Сергей Гутевич, бас төреші:
Біз облыстық ашық турнирді еліміздің тұңғыш Президенті күніне арнап отырмыз. Жарысқа жасөспірімдермен қатар ересектер де қатысып жатыр. Мұндай тартысты дода осымен екінші рет өткізілуде.  

Облыстық біріншіліктің қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында 1 орын гуманитарлық-техникалық колледждің студенттеріне тиді. Ал, ересектер арасында бас жүлдені жергілікті «Қарасай» командасы жеңіп алды. Нәзік жандылардың арасында гір көтеруден облысымыздың спорт шебері Елена Костенкоға тең келер қарсылас табылмады.

Гүлбану Ахметова