Құқық қорғау органдары

Жол полицейлері қан тапсырды

 

 

 

Жол тәртібінің сақшысы Ерлан Мәдиев осымен екінші рет қан тапсыруда. Біреу үшін қан беру – сауапты іс дейді ол.

Ерлан Мәдиев, СҚО ІІД жанындағы жол полициясы жеке батальонының командирі:
– Менің қаным жиі кездесетін 2-ші топқа жатады. Осылай адам өмірін сақтап қалуға өз үлесімді қосқаныма ризамын.

Қан алардың алдында ақ халаттылар адамдарды алдымен тексеріп алады. Аты-жөні, мекенжайы тіркеліп, бойы мен салмағы, қан қысымы, гемоглобині бақыланады. Сосын тәтті шай ішуі де міндетті.Қан тапсырарда қуаттанып алған жөн. Өйткені, алынатын қанның көлемі әжептәуір, 450 мл.

Азамат Келдіғұлов, СҚО ІІД ЖПБ взводының командирі:
Мен де қан тапсырып шықтым. Өзімді тамаша сезініп тұрмын. Алдағы уақытта қан орталығына жиі келемін.

Қан тапсыру – денсаулыққа да пайдалы дейді дәрігерлер. Жоғары қан қысымы төмендейді, зат алмасу ұлғайып, эритроциттер көбейеді екен. Салауатты өмір салтын ұстанғандардың қаны, әрине, сапалы болмақ. Қан орталығына 2 айда бір келіп тұруға болады.

Роза Жетпісова, облыстық қан орталығы бөлімшесінің меңгерушісі:
Қазір орталықта 2 тонна қан қоры бар. Бізге, енді, эритроциттер көлемі жетіңкіремейді. Сол себепті, осындай жаппай қан тапсыру акцияларының ұйымдастырылуы өте жақсы.

Жыл басынан бері облыста орын алған 325 жол-көлік апатында 380 адам жараланса, 49-ы көз жұмған. Сіз тапсырған қан біреудің өміріне араша болуы мүмкін.

Данаш Хамзина