Салық басқармасы

Кеден одағы елдерінің импорты дамуда

 

 

Кеден  Одағының құрамындағы елдерден тауар импорттайтын қазақстандық салық төлеушілер үшін бірқатар артықшылықтар бар. Уақытты үнемдеу, баж салығын төлемеу, тауарды уақытша сақтау қоймаларына қоюға шығынданбау. Бұл үш жақты келісім тиімділігінің бір бөлігі ғана. Оң өзгерістерді аңғарған азаматтар да шекаралас елдерден тауар әкеліп, саудалауға кіріскен. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 19 341 -ге жетіп отыр.

Арман Жүрсіналин, СҚО салық департаментінің басқарма бастығы:
– Оның ішінде 1111- і – РФ-нан, 887 -сі Белорусь елінен тауар импорттайды. Ресейден импортталатын тауарлардан түсетін қосымша құн салығы үстіміздегі жылы 9 млрд 723 млн 687 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 млрд 35 млн 645 мың теңгеге артық.

Ал Белорусь елінен әкелінетін импорттан түсетін салық 53 млн 700 мың теңгеге өскен. Дегенмен салық төлеушілер тарапынан жіберілетін олқылықтар да жоқ емес. Биыл 89 азамат Кеден одағында тауар импорттау кезінде салық заңнамасын бұзған.

Арман Жүрсіналин, СҚО салық департаментінің басқарма бастығы:
– Оларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, 8,9 млн теңге сомасындағы айыппұл салынды. Қазіргі таңда оның 6,5 млн-ы мемлекетке қайтарылды.

Импортталатын тауарлардың жанама салығы айдың 20-сына дейін төленуі тиіс. Декларацияны да осы уақытта тапсыру қажет дейді салық департаментінің мамандары.

Инеш Шоқақова