Балалар

Жасотандықтар Астанаға аттанды

Сәлден кейін мына залға жиналған жастар Астанаға жолға шықпақ. Себебі олар ертең Елбасының қатысумын өтетін «Жас Отан» жастар қанатының 2 съезіне қатысады. Бүтіндей бір өңірдің сенімін арқалап маңызды жиынға бара жатқан жастарға аға буын өкілдері сәт-сапар тіледі.

Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– Осында жиналған жастардың көбі – біздің облысымыздағы ең белсенді жастар. Барлық саяси, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Былайша айтқанда, жақсылардың ішінде жақсылары таңдалып, бүгін съезге барады. Сіздерге тілейтінім, үлкен сенім болғаннан кейін абыроймен барып, абыроймен қайтып келейік.

Еліміздің гүлденуі үшін еңбек ету – барлық жастардың ортақ мақсаты. Ендеше, бұл келелі басқосуда да ұлт болашағы – жастарымызға зор сенім мен үлкен үміт артылады. Жалпы өңірімізден съезге аттанған жастардың саны – 113. Олардың негізгі бөлігін ауыл жастары құрайды.

– Бізге осы съезд жаңа мақсат пен жаңа міндеттер қоюға мүмкіндік береді. Оған бір топпен барып, жақсы жағынан өзімізді көрсетуге тиістіміз.
– Мен бұл съезге М.Жұмабаев ауданынан бара жатырмын. Менен басқа ауданымыздан 4 адам аттанады. Оған еліміздің болашағына алаңдаған нағыз жанашыр жастар бара жатыр деген ойдамын.

Жиын барысында еліміздің әр өңірінің белсенді де жігерлі жастары жыл бойы атқарған істері жайында баяндап, мемлекеттік жастар саясатының жаңа басымдықтары мен міндеттерін айқындайды.

 Владимир Витченко, «Нұр Отан» ХДП сайланған қалалық мәслихат депутаты:
-«Жас Отан» жастар қанатының 2 съезіне қатысу бақыты туғанына қуаныштымын. Бұл жиыннан Елбасы жүктейтін жаңа міндеттер мен мақсаттар күтеміз.   

Съезде алда іске асырылатын жұмыстар туралы баяндалып, жастардың басты ұстанымы – арман, еңбек, сенімге иек артқан тың бастамалар көтеріледі деп күтілуде.

Әспет Әбдірешова