Әр түрлі

Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі



 

Осыдан 19 жыл бұрын ұлттық валютамыз айналымға еніп, маңызды шешім қабылданған еді. Сол кездегі дағдарыстан сүрінбей өткен еліміздің экономикасы бүгінде нық дамып келеді. Бұл ретте өз ісіне адал берілген білікті қаржыгерлердің тигізген үлесі зор. Өңіріміздің өркендеуіне септескен жергілікті қаржы саласының мамандарын кәсіби мерекесімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Бүкіл әлемге танымал болып, экономикамыз өсіп, үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Сіздердің де үлестеріңіз мол. Ел экономикасының өскеніне кәсіпкерлермен жұмыс жасап, үлкен үлес қосып отырсыздар.

Бұл күні қажырлы еңбегімен көзге түскен қаржы институтының қызметкерлері қошеметке бөленді. 3 азамат облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Өңір жетекшісінің жоғары бағасына ие болғандардың бірі – Майра Кәкенова қаржы жүйесінде 30 жылдан астам еңбектеніп келеді екен.

Майра Кәкенова, “ҚР Ұлттық Банкі” ММ СҚФ валюта операцияларын бақылау бөлімінің бас маманы:
-30 жыл болды Ұлттық банк саласында істегеніме. Марапаттап жатқанына өте қуаныштымын. Әріптестеріме бақыт, денсаулық тілеймін.

Банк қызметкерлерін қала әкімі Болат Жұмабеков та құттықтап, марапаттады. «Kaspi Bank» филиалының басқарма бастығы Ольга Морозованың еңбегі де лайықты бағасын алды.

 Ольга Морозова, «Kaspi Bank» АҚ СҚФ басқарма бастығы:
-2000 жылдан бұл салада қызмет етіп келе жатырмын. Жұмысым ұнайды. Өйткені халықпен жұмыс істейміз.

Сондай-ақ өңіріміздің үздік қаржыгерлері Ұлттық банк төрағасының марапатына ие болды.

 Айдана Демесінова