Қоғам

«Ажар» байқауының жеңімпаздары марапатталды

 

Облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына не бары 5 жыл. Дегенмен осы аз уақыт аралығында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Өңірлік мәслихаттардағы әйелдердің үлесі 25 пайызға жетіпті. Бірақ шешім қабылдау деңгейі әлі де төмен.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Белсенді, іскер әйелдердің мәртебесін арттыру – басты бағыттардың бірі. Өйткені нәзікжандылар саяси сауатты, бәсекеге қабілетті. Сондықтан облысымызда іскер әйелдердің бастамасын қолдауға көңіл бөлінеді.

Жеке кәсіпкерлер, ұстаздар, басшы әйелдер. Жиынға қатысқан әрбір нәзікжанды белсенділік пен еңбекқорлықтың үлгісі. Өңірдегі білікті де білімді 350  қыз-келіншек облыстық іскер әйелдер қауымдастығына енген.

Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Биыл «Саяси көшбасшы» жобасының жеңімпазы атандық. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей түрлі салада әйел азаматшалардың белсенділігі артып келеді.

Қарашаның 21 мен 23 аралығында Елордада әйелдердің 3-ші Еуразиялық саммиті өтпек. Оған қатысу мүмкіндігіне 23 солтүстікқазақстандық делегат ие болды. 1995 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов ауданында өз кәсібін дөңгелетіп отырған Әлия Ибраева мұндай жиында үйренеріміз мол дейді.

Әлия Ибраева, жеке кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бұл жиында түрлі тренингтерге қатысып, іскер әйелдердің тәжірибесін көреміз деп ойлаймын.

Сондай-ақ жиында «Ажар» атты Қазақстан әйелдерінің жетістіктерін қоғамдық мойындаудың ұлттық премиясы» байқауының алғашқы кезеңі қорытындыланды. 10 жеңімпазға сертификат табысталды. Олар республикалық «Ажар» кітабының кейіпкерлері болмақ.

Елена Левина, «Левин» жеке кәсіпкерлігінің директоры:
– Саммитте мен арнайы көрмеге қатысамын. 3 күн бойы өзіміз жасайтын жиһазды көрсетеміз. Бұл жиыннан тың идеяларды күтемін.

Номинанттар «Шағын және орта бизнес» , «БАҚ» , «Денсаулық сақтау», «Мәдениет» салалары бойынша анықталды.

Инеш Шоқақова