Білім

Білім беру саласындағы аттестация қорытындысы

 

 

Оқу жылының бірінші тоқсаны бойынша облыстық білім саласындағы бақылау департаменті қала және аудандар дағы білім ошақтарында аттестация жүргізген. Яғни білім сапасын тексеру мақсатында қазанның басынан оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталғанша 4,9 және 11 сынып оқушылары арасында аралық бақылау сынағы жүргізілген. Онда 19 білім мекемесі назарға алыныпты.

 Сәуле Кереева, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы:
– Осы 19 мемлекеттік ұйымның ішінен 10 мемлекеттік ұйым аттестатталған жоқ. Себебі бірінші көрсеткіш мемлекеттік стандартқа білім алушылардың көрсеткіштері сай емес. Жалпы жұмыс істейтін, білімді, білікті мамандары бар мектептердің әрине көрсеткіштері жоғары.  

Бақылау нәтижесі бойынша ең жоғары көрсеткішті 92,8 орташа ұпайды М.Жұмабаев ауданының Возвышенка орта мектебі көрсеткен. Дегенмен мамандар назарға алынған білім ордаларының жартысынан астамының нәтижесі төмен екендігін тілге тиек етті. Яғни 10 білім мекемесі аттестациялаудан өте алмаған. Енді бұл оқу ордалары 6 айдан кейін қайта сынақ тапсырмақ. Жиын барысында бас қосқан мамандар бар кінәні тек мектеп басшылығы мен ұжымынан ғана іздеу керек деп отыр.

Татьяна Гапчич, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім бастығы:
– 9 білім ордасы аттестациядан өтті. Оның ішінде 8 мектеп пен 1 мектепке дейінгі білім беру орны бар. Мемлекеттік аттестациялауды өткізудің нұсқауына сай, білім деңгейі мемлекеттік стандартқа сай болса ғана аттестациядан өтеді. Соның ішінде оқушылардың 70 пайызы жақсы нәтиже көрсетулері керек.

Жыл соңына дейін тағы 19 білім беру мекемесін аттестациялау жоспарланып отыр.

Әспет Әбдірешова