Құқық қорғау органдары

Жемқорлықпен ел болып күресу



 

Ағымдағы жылы қаржы полицейлері облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 44 қылмысты әшкерелеген. Әлеуметтік зұлымдықтың жетегінде кеткен 22 лауазымды тұлғаның арам істері ашылды. 14 азамат бас бостандығынан айырылды. Пара беріп, оны қалтаға басқандардың заңсыз әрекетіне тұсау салудың енді бір амалы қарастырылып отыр.

 Нұрлан Шабдар, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:
– Өткен тамыз айының 23-де сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаңа заң қабылданды.
Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәлімет беріп, оның ашылуына септесетін тұлғаға көтермелеу қағидалары бекітілді. Ақпарат шындыққа жанасып, соттың шешімі шыққанда сыйақы тағайындалады. Жәрдемдесуші мемлекеттің қорғауында болады және ол жайындағы мәлімет құпиялықта сақталады. Жаңашылдық қазан айының 5-інде   заңды күшіне енді.

Жыл соңына дейін әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабуға жәрдемдескендердің көмегін бағалауға ел бойынша 32 млн теңге бөлінген. Сыйақы анықталған қылмыстың ауырлық деңгейіне сай 30-100 АЕК мөлшеріне дейін беріледі.

 Нұрлан Шабдар, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:
– Төлем 15 күннің ішінде беріледі. Бірақ бұл біреуге жала жауып, пайда табу емес, ел болып індетпен күресудің бірден бір жолы. Жалған ақпарат таратушы әкімшілк тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.

Баспасөз мәслихатында сондай-ақ өткен жылы Петропавл қалалық әкімдігінен шыққан жемқорлық фактісі жайында сөз қозғалды. Еске сала кетейік, шенеуніктерден құрылған қылмыстық топ жергілікті сауда орындарын бақылаған. Жиналған салықтың бір бөлігін ғана ел қазынасына салып, қалғанын өздері иемденді деп айыпталып отыр. 2007-2011 ж.ж аралығында 1 млрд теңгеден артық үлесті жымқырған.

Нұрлан Шабдар, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:
– Былтыр қылмыстық топ әшкереленіп ұсталған болатын. Дүние мүліктеріне тыйым салынды. Барлығы бұл қылмысқа 7 адамның қатыстылығы анықталды. 2-і уақытша ұстау абақтысына қамалды. 5-і ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Үстіміздегі айдың соңында сот үкімі шығады.

Жуырда “Нұр Отан” ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңес отырысы өтті. Жиында өңірімізде 11 млрд теңге мақсатсыз жұмсалды деп мәлімделген болатын. БАҚ айтуына сүйенсек, ел көлемінде мұндай ірі қазыналық заңбұзушылықтар тіркелмеген. Мәселенің мән-жайын білу үшін СҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бастығына жолықтық.

 Дүйсенбек Әубәкіров, СҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бастығы:
– Бұл жерде жымқыру, бюджеттің қаржысын қалтаға салу деген фактілер жоқ. Процесуалдық тұрғыдағы кемшіліктер бар. Атап айтсақ, жобалық-сметалық құжаттамасыз құрылыс көлемін жоспарлау, мемлекеттік сараптамадан уақтылы өткізбеу, мемлекеттік сатып алу сынды кемшіліктер орын алды. Біздің тараптан заңмен бекітілген тәртіпте бақылау обектілеріне бұзушылықтарды жою үшін ұсыныстар жіберілді. Олардан арнайы хаттарын алдық. Кемшілік жіберген азаматтар тиісті зазаларын алды.  

Атқарушы орган өкілдері орын алған заңбұзушылықтар өңірімізде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға кедергі келтірмейтіндігін айтады.

Жеңіс Ермұқанов