Білім

Студенттер арасындағы кәсіби шеберлік байқауы



 

Төлеген Тастеміров   гуманитарлық-техникалық колледж студенті, машина жасау технологиясы мамандығын үйренуде. Болашақ кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеру үшін   байқауға қатысуға бел буыпты.

 Төлеген Тастеміров, Петропавл  гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Машина жасау мамандығы көп жерде сұранысқа ие. Осындай іс шаралар жиі өткізіліп тұрады. Мақсатым – алған білімімді тәжірибе жүзінде көрсету. Ертең зауытта жұмыс істегенде бұл тәжірибе артық болмайды.  

Орта кәсіптік білім мекемесінің үздік қырнаушысын анықтау үшін шеберханаға 6 студент жиналды. Оның тең жартысы нәзік жандар. Десе де тапсырма бәріне ортақ. Сайыскерлерге көлік нысанының бұрандалы бітігі мен төлкесін жасау талабы қойылды. Алдымен машина жабдығының өлшемін санап эскиз жасау керек. Кейін кескіш станогының көмегімен жонып, бұрандасын келтіру. Қыздар арасында бұл белгіленген жоспарды Вера Иванкова мүлтіксіз орындап, топ жарды.

 Вера Иванкова, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Ерлерге тән мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Әке-шешем машина жасау саласында еңбек етеді. Сондықтан жастайымнан темір ұштауға дағдыланғанмын. Өлшемді аса дәлдікпен жасау қиындық тудыра қоймады.  

Шынымен де азаматшаларымыздың қолынан келмейтіні жоқ. Жалпы есепте қыздар легі ұлдардан басым түсті. Бұл байқау Тұңғыш Президент күніне орайластырылды. Елбасының қолдауымен көлік құрастыру мамандығының 5 тобында 100-ден артық студент мемлекет есебінен тегін оқып жатыр. Әрбіріне шәкіртақы тағайындалған.

Жасұлан Есентаев, Петропавл  гуманитарлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту жөніндегі вицепрезиденті:
Студенттер бұл мүмкіндікті қалт жібермей, сенімді ақтап шығулары тиіс. Бәсекелестік бар жерде нәтиже болады. Сондықтан студенттердің ынтасын арттырып, білімдерін іс жүзінде шыңдау мақсатында байқау ұйымдастыруды жөн деп таптық.  

Болашақ жүргізушілер топтарының арасында да үздіктері анықталды. Сайыскерлер жол ережелері бойынша сынақ тапсырды. Компьютер жадына енгізілген бағдарлама бойынша рөлге отыруға дайындықтарын паш етті. Машинаның қозғалысы виртуалды жаттықтыру құралы арқылы экранға шығарылады. Десе де бұл жаңашыл жүйенің шынайы көлік жүргізуден айырмашылығы жоқ. Бар үрдіс   кәдімгі «Жигули» ішінен басқарылады. Қос байқаудың үздіктері дипломмен марапатталды.

Жеңіс Ермұқанов