Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі бірінші орынбасарының жұмыс сапары

«Мұнаймаш» зауытында құрылғыларды жаңартуға аса мән беріледі. Кәсіпорында шетелдік станоктармен жабдықталған жаңа учаске ашылған болатын. Зауыттағылар ҚР индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министріне олардың мүмкіншіліктерін көрсетті. Тың құрылғылардың арқасында өндіріс қарқыны артып отыр. Әзірленетін бөлшектердің сапасы да жоғары.

Сергей Литвинов, «Мұнаймаш» АҚ техникалық директоры:
– Жаңа станоктарда бөлшектерді өңдеу уақыты қысқарды. Мұндай 1 құрылғыда бір мезетте бірнеше операция жүргізуге болады. Бұрынғы 6 станоктың жұмысын атқарады десе де болады.

Кәсіпорын биыл индустрияландырудың өңірлік бағдарламасы бойынша жобаны аяқтамақ. Мұнай саласына қажетті құрылғылардың өндірісін жаңғыртуға зауыт 1,5 млрд теңге жұмсап отыр. Жоба желтоқсан айында іске қосылмақ. Зауытта жүзеге асырылып жатқан бағдарламалармен таныс болған Альберт Рау жұмысшылармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Альберт Рау, ҚР индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі:
Елбасының биылғы жолдауында еліміздің дамуының жаңа бағыттары көрсетілді. Басым бағыттардың бірі ретінде жұмыспен қамту мәселесі көтерілген болатын. Сіздерде кадр мәселесі шешілуде, станок басында жоғары білімді мамандар. Бұл, әрине, қуантады.

Сондай-ақ ведомство өкілі «Петропавл ауыр машина жасау зауытының» цехтарын аралады. Мұнда да мұнай-газ және энергетика кешендеріне арналған құрылғыларды шығару өндірісін көрді. Жаңашылдықтармен танысты.

Сергей Шейко, «Петропавл ауыр машинажасау зауыты» АҚ №5 цехы техникалық бюросының бастығы:
Құрылғы 80-100 тоннаға дейінгі жүкті көтере алады. Бұл мұнайшылар үшін жұмыс тиімділігін арттырудың бірден бір жолы. Құрылғы әлі тапсырыс берушілерге мысал ретінде жасалынып отыр.

Ал «С.М. Киров атындағы зауытта» индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі «Даму-Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының жүзеге асырылуын бақылады.

Дәурен Әбілмәжінов, Киров атындағы зауыттың өткізу және маркетинг департаментінің директоры:
Сандық қабылдағыштар, әскери техника шығарылады. Сондай-ақ теміржолдағы қауіпсіздік құралдарын шығару бойынша қытайлық компаниямен 3 млн АҚШ долларының келісімшарты жасалды. Зауыт шығаратын өнімінің көлемі 6,7 млрд теңгеге жетті.

Бірқатар зауыттарды аралаған Альберт Рау өңірлік кәсіпорындардың өндірісті жаңғыртуға аса мән беретіндігі аңғарылады дейді. Жергілікті кәсіпорындардың тағы да бірқатар жаңа бағдарламаларға қатысуы әбден мүмкін дейді ол.

Альберт Рау, ҚР индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі:
«Мұнаймаш» АҚ «Өнімділік -2020» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылып жатқандығын көрдік. Бұл өзге зауыттарға да үлгі болмақ. Бөлшектерді жобалаудан бастап, шығарылуы бәсекеге қабілетті. Сондай-ақ сандық телевизиядан басқа GLONASS GPS жүйесіне мән берілуде. Бұл көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаның жүзеге асырылуына «Киров атындағы зауыт» та қатыса алады деп ойлаймын.

Бұдан соң ведомство өкілі электроқшаулағыш материалдарды экспортқа шығаруға негізделген «Изолит» ЖШС мен «ЗИКСТО» зауыттарында болды. Соңғысында индустриялды- инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2 жоба іске асырылып отыр.

Инеш Шоқақова