Бизнес және экономика

“ҚазТрансОйл” акцияларына жазылу жалғасуда

 

 

“Қазтрансойл” компаниясы ел нарығында 15 жыл. Осы уақыт ішінде мұнай тасымалдау көлемі 2 еседен асты. Кәсіпорын өкілдері бұл аралықта мұнай айдау тарифі ішкі нарыққа – 50,  экспортқа – 42 пайызға жоғарылағанын айтады. Бұл кәсіпорынның кірісін еселендіруге бағытталған. Шамамен келер жылғы кіріс мөлшері 55 миллиард тенгеге жетпек. Көрсеткіш 2011 жылы 25 миллиардты құрапты. Таза кіріс ұлттық компания акцияларын иемденген болашақ инвесторлардың да оң жамбасына келері анық.

Болат Зәкіров, “ҚазТрансОйл” АҚ бас директорының орынбасары:

-Жылдан-жылға қара алтынды тасымалдау көлемі артып келеді. Соған сәйкес таза кіріс те өсіп отыр. Шамамен оның 40% біз дивиденттерге аударамыз. Компания тарихынан болашаққа деген сенімділікті айқын аңғаруға болады.

Солтүстікқазақстандықтарды компанияның қарыздық міндеттемелері де қызықтырды. Кәсіпорын басшылары қиындықтың болғандығын, алайда олар бүгін оң шешімін тапқандығын жасырмады. Болашақ салымшыларға алаңдауға негіз жоқ. «ҚазТрансОйлдың» әзірге жетекші акционері ол – “ҚазМұнайГаз” алпауыт компаниясы.
Ал салымшылардың көбеюі кәсіпорынға қоғамдық болуға мүмкіндік бермек. Ол әр инвестор тұлға фирманың кез-келген жиынына қатыса алатындығын аңғартады. Бір акцияның құны 725 теңге болып бекітілген. Әзірге сатылымға шығарылған құнды қағаз 38 миллионның үстінде. Жалпы сома 28 миллиард теңгені құрайды. Акционерлер пайданы құнды қағаздар бағасының өсімінен де көреді деп күтілуде. Теріскей тұрғындарының көбі пайдалы іске қызығушылық танытып отыр. Солардың бірі – зейнеткер Ахмет Мақсұтов. Инвесторлықтың не екенінен хабардар қария бұл акцияның да бірнеше жүзін сатып алуды жоспарлапты.

Ахмет Мақсұтов, зейнеткер:

-Менде қазір «Қазақтелекомның» акциялары бар. Одан мен банктегіден 1,5-2 есе пайда көрудемін. Бұдан да ұтылмаймын деп ойлаймын. Қанша дегенмен қауіп те жоқ емес, алайда оған жұмсалған қаржының өз-өзін ақтайтынына сенемін.

Компанияның акцияларын “Қазпошта” бөлімшелерінен алуға болады. Құнды қағазға жазылу науқаны үстіміздегі жылдың бесінші желтоқсанында сағат кешкі бесте тоқталмақ.

Самат Есмағи