Денсаулық сақтау

Петропавлға Түменнен кардиологтар бригадасы келді



 

Мына жерде дәрігерлер қарыншааралық қалқаның ақауы деген диагнозбен түскен балаға ота жасауда. Мұндай операция шамамен 3 сағатқа созылады екен. Қарашаның 9-ы өңірімізге келген түмендік дәрігерлер бүгінгі күнге дейін хирургиялық жолмен 9 солтүстікқазақстандық балақайды емдеп үлгерді. Түмен қаласының дәрігерлері және жергілікті кардиохирургтар арасындағы тығыз қарым-қатынастың орнағанына биыл 10 жыл болды. Осы уақытта біраз оң өзгерістер болды, дейді түмендіктер.

Павел Кугаевский, Түмен облыстық клиникалық №1 ауруханасының анестезиолог-реаниматологы:
10 жыл бұрын барлық құрылғыларды Түменнен алып келетінбіз. Мұннан тек дәрілерді ғана пайдаланатынбыз. Бүгінгі күні құрылғы әкелмейміз. Өйткені аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарды.

Әйгерім мемлекеттің қолдауы арқылы тиісті емге қол жеткізгендердің қатарында. Туа біткен жүрек ақауымен ауырған 1 жасар қызға кеше ота жасапты. Операция 4 сағатқа созылған екен. Гиппократ антына берік жандардың көмегіне жүгінген сәбидің жағдайы біршама жақсарған көрінеді

Жазира Мұстафина:
Операциядан кейін өзін жақсы сезінді. Кардиологқа алғысымды білдіремін. Түмендіктерге  рахмет айтқым келеді.

Түмендік дәрігерлердің келуін жерлестеріміз асыға күтеді. Олар көптеген балаларды тексерістен өткізеді. Осы жолы 90-нан астам солтүстікқазақстандық түмендіктердің қарауынан өтіпті. 10 балақайға ота жасалды. Тағы 2 жерлесіміз хирургиялық жолмен емделетін болады. Жалпы, жыл басынан облыстық балалар ауруханасында жүрекке 25 ота жасалды.

Айдана Демесінова