Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Алайда бұл қағиданы бәрі бірдей ұстана бермейді. Тұмаудың алдын алуда дер кезінде вакцина қабылдап жатқандардың бірі – Екатерина Шестак. Жеті айлық жүктілігінде вакцина ектірген жас ана тиісті шара болашақта нәрестесінің де тұмаумен ауырмауына кепіл болады дейді.
Екатерина Шестак:
– Меніңше бұл қажет шара. Маған вакцина еккеннен кейін балам да 6 ай бойы тұмаудан сақ болады. Жалпы барлық жүкті әйелдерге вакцина қабылдасын деп кеңес беремін.
Тұмаудың алдын алудағы басты шара екпе егу республика бойынша қарашаның 15-не дейін жүргізіледі. Биылғы жылы бұл науқан желтоқсанның біріне дейін ұзартылды. №3 қалалық емханада жеті жарым мың вакцина егу көзделген.
Аққу Момунова, №3 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы:
-Жергілікті бюджеттен бізге балаларға 4964 доза бөлінді, үлкендерге 2265 доза бөлінді. Бұл яғни жергілікті бюджеттен тегін вакцинациялауды біз 100 пайызға орындадық. Біз 150 жүкті әйелге егуді жоспарладық, соның ішінде 67-не Факсигрипп қойылды.
Өңір бойынша 65 мың вакцина сатып алыныпты. Ол үшін облыс бюджетінен 44 миллион 737 550 теңге бөлінген.
Фарида Мұхамеджанова, ҚР ДМ мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚОД бөлім бастығы:
– Тұмауға қарсы вакцина егу белгілі бір топтарға тегін түрде жүргізіледі. Біріншіден, ол балалар, балалар үйі мен қамқорлыққа алынған интернаттар, сонымен қатар созылмалы ауруы бар балалар мен ересектерге қойылады.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда солтүстікқазақстандықтарға Францияда шығарылатын «Факсигрипп» вакцинасы егіледі. Сонымен қатар тұмауға қарсы ем беру ақылы түрде де жүргізіледі. Оның құны 1700-1900 теңге аралығында. Жалпы бүгінгі таңда 63 557 солтүстікқазақстандық тегін түрде вакцина қабылдаған.
Әспет Әбірешова