Бизнес және экономика

“Мұнаймаш” қондырғыларын жаңартып жатыр

“Мұнаймаш” кәсіпорнының бұл жолы іске қосқан жаңа инвестициялық жобасының құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Оның 250 миллионы кәсіпорынның өз ақшасы болса, қалғанын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде “БРК лизинг” қаржыландырған. Іске қосылған жаңа желі мұнай-газ саласына қажетті насостарға арналған түрлі қосалқы бөлшектер шығаруға пайдаланылады. Шетелдік заманауи қондырғылар оған толық мүмкіндік береді. Олардың жалпы саны 12.

Сергей Литвиненко, “Мұнаймаш” АҚ техникалық директоры:

 

-Жапония мен АҚШ-та шығарылған бұл қондырғылар, сызбадан нақты деталь жасап шығаруға мүмкіндік береді. Өнім сапасы жоғары. Бұрындары бір бөлшекті жасап шығару үшін оны бірнеше аппаратқа салсақ, қазіргі күні олардың барлығы тек бір станокта жасалады. Бұл ыңғайлы әрі уақыт үнемдеуге тиімді.

Қазан айында іске қосылған жаңа желіде ресейлік “ЭЛКАМ-Нефтемаш” кәсіпорнынан түскен тапсырыс орындалуда. Жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрайтын қосалқы бөлшектердің қазіргі күні 60 пайызы әзірленіпті. Цехта 12 адам еңбек етіп жатыр. Олардың жетеуі оператор.

Владимир Бахур, оператор:

-Қондырғы көпқырлы, бір өзі бірнеше функцияларды атқара алады. Бәрі автоматтандырылған. Жаңа аппаратты толық меңгеру тұрғысында Воронежде 1 айлық курстан өттік. Жұмыс ауыр емес, оператордың міндеті компьютер жадына қажетті сызбаларды енгізіп, сосын оның орындалу барысын қадағалау.

Қазір цех бір ауысымда жұмыс істеп тұр. Жаңа желіні алдағы уақытта одан әрі жарақтандыру жоспарланыпты. Онда бұл қондырғыларға қосымша анықтамалық терминалдар орнатылмақ. Ол жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Сергей Григоренко, “Мұнаймаш” АҚ басқарма төрағасы: Елбасы машинажасау саласына баса назар аударады. Себебі ол экономикамыздың негізгі қозғаушы күші. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жаңа жобамызды іске қостық. Бұл заман талабы. Ендігі кезекте бізге қажеті тапсырыс берушілер мен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу. Негізгі әріптесіміз «Қазмұнайгаз» компаниясы. Осы мәселе шешімін тапса, кәсіпорынның одан әрі дамуына жол ашады.

Жаңа жобадағы көзделген мақсат – еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтып, отандық өнімді 70 пайызға арттыру және оларды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру. Бұл отандық тауардың сұранысқа ие болуына жағдай жасау деген сөз.

Самат Есмағи