Құқық қорғау органдары

Адамдар неге жоғалады?

 

 

Із-түссіз жоғалған солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі нәзік жандар.Зейнеткер Людмила Межевкина үйінен үстіміздегі жылдың 17-сәуірінде шығып кеткен, содан бері хабар-ошарсыз.Азаматша жадынан айрылған. Облыс орталығының тағы бір тұрғыны мамыр айынан бастап іздеуде. Полицейлер  әйелдің қаңғыбастарға қосылып кетуі мүмкін деп пайымдап отыр.

Андрей Бондаренко, СҚО ІІД іздестіру бөлімінің жедел уәкілі:

– Негізінен іздеуде жүргендердің басым бөлігі тұрмысы төмен отбасыларынан шыққандар мен спирттік ішімдікке салынғандар. Өмірлеріне өздері би, өздері қожа. Үйлерінен кеткен кезде туған-туыстарына қайда және кіммен кеткендерін ескертпейді. Ұзақ уақыт бастары ауған жақта жүре береді.

Мұндай жайттар жастар арасында да кездеседі. Көп жағдайда оған отбасындағы жанжал, жеңіл ақша табу секілді жәйттар себепкер. Жоғалғандардың бірі – 22 жасар Виталий Старцев. Оны тәртіп сақшылары осы жылдың қыркүйек айынан бастап іздеп келеді.

Андрей Бондаренко, СҚО ІІД іздестіру бөлімінің жедел уәкілі:

-Облыс көлемінде із-түссіз жоғалғандар жайында қабылданған өтініш саны 108-ге жетті. Біз олардың 90-ын анықтадық. Қазіргі күні қалған 18-і іздестірілу үстінде. Шұғыл іздестіру шаралары әлі де жалғасуда.

Тәртіп сақшылары 5 ай бойы іздеуде болған 27 жасар облыс орталығы азаматшасының тұрғылықты жерін анықтады. Кішкентай баласын тастап кеткен әйел осы уақыт аралығында Шаховской селосында бір ер адаммен көңіл қосыпты. Полицейлер бұл таңсық емес дейді. Себебі мұндайлардың көбі өздерінің қайда жүргендігінен туған-туысқандарын хабардар етуге асықпайтын көрінеді.

Самат Есмағи