Құқық қорғау органдары

Жол полициясы мен сот орындаушыларының рейді

 

 
Бұл сот актілерін орындау департаменті мен жол полицейлері бірлесіп өткізіп жатқан кезекті рейд. Оның барысында көлік жүргізушілерінің мойнында төленбей жүрген қарыздары болса, өтеліп алынбақ. Ол үшін көп уақыт шығындалмайды. Бар болғаны жүргізу куәлігіндегі көлік иесінің аты-жөнін мәліметтер базасына тіркеу қажет. Рейд басталғаннан бергі не бары 10 минут ішінде «Рахмет» сауда орталығының жанында тоқтатылған 2 көлік жүргізушісінің айыппұлын қосқанда 8090 теңге төлеу керектігі белгілі болды.

Серік Раскелдинов, СҚО сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– Жол полициясымен бірлесіп біз әкімшілік айыппұлды өндіріп алу үшін осындай рейдтер өткіземіз. Бүгінгі таңда біздің бөлімде шамамен 20 миллион теңгені құрайтын 20 мың әкімшілік айыппұл бар. Осындай рейд барысында біз айыппұлы бар жүргізушілерге қолма-қол төлеуге ұсыныс жасаймыз. Болмаса, көлікті айыппұл тұрағына қоямыз.

Аталмыш рейд автокөліктер көп қатынайтын «Алтын-Арман» базарының маңында да өткізілді. Бір сағат ішінде мұнда 6 көлік иесі жалпы алғанда 45 мың теңге әкімшілік айыппұл төлеуі керектігі анықталған.

 Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:
– Айыппұл тұрағына «Тайга» сауда орталығының маңында тоқтатылған 1 автокөлік жіберілді. Негізінен көп жағдайда заң бұзушылар такси жүргізушілері болып келеді. Мойнында 5-6 берешегі бар жүргізушілер де кездесіп жатады.  

Сот орындаушылардың айтуына қарағанда, көпшілігі айыппұлдарын төлеуге асықпайтын көрінеді. Сондықтан да осындай жолмен олардан қарызды қайтарып алудың маңызы зор дейді. Жалпы мұндай рейдтер әр аптаның сенбі күндері өткізіліп тұрады.

Әспет Әбдірешова