Балалар

“Жас Отан” өз съезіне дайындалуда

 

 

 

Елбасы өз мақаласында қоғамды дамытудағы негізгі тетіктерді айқындап берген болатын. Бағдарламаны жүзеге асыруда жастарға жүктелген міндет зор. Біздің өңірімізде ол тапсырмалар тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Солардың бірі- облыс әкімінің нұсқауымен қолға алынған студенттік еңбек биржасы. Бұл жоғары және арнайы білім ошақтарында оқитын жастарға айтарлықтай көмек.

Сергей Белов, студенттік еңбек биржасының жетекшісі:

 -Студенттік еңбек биржасы өңірімізде қазанның 23-де бастау алды. Содан бері 200-ге жуық жастан өтініш түссе, қазіргі күні олардың 87-сі  еңбек етіп жатыр. Жастарды оқумен қатар ақша табу да қызықтырады. Жұмыс беруші бірінші кезекте студенттің сабағына баса назар аударады. Напақа тапқысы келетін түске дейін оқуда болса, түстен кейін кәсіпорында еңбек ете алады. Жалақы деңгейі әр қалай. Ол жұмыс істеген сағатқа байланысты.

“Дипломмен – ауылға” бағдарламасы қолға алынғалы  еліміз бойынша 20 мың жас маман елді мекендерге жұмысқа жіберіліпті. Біздің облысымызда бұл көрсеткіш 4 жыл ішінде 2 мыңды құраған. Бұл біздер үшін айтарлықтай көмек дейді студент жастар.

Динара Мақсұтова, студент:

-Жастарды қолдау тұрғысында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар баршылық. Ертеңгі күні оқуымды тәмамдап қолыма диплом алған кезде жұмыссыз қалмаймын. Осынысы қуантады.

Ел болашағы – жастар  мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Белсенді жастардың басын қосқан республикалық бірінші съезде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жарияланған болатын. Бүгінде ол сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жаңалыққа жаны құмар жастар жуық арада Астанада өтетін 2-ші құрылтайдан да көп үміт күтеді. Онда да игі бастамалар көтерілетініне сенім мол дейді жиынға қатысушылар.

Самат Есмағи