Құқық қорғау органдары

Көктайғақта жол-көлік апаты жиіледі



 

Ауа райының қолайсыздығы өңір жолдарында апаттық оқиғалардың жиілеуіне әкеліп отыр. Жерге қар түсіп, көктайғақ басталғалы жағдай қиындап кетті. Жол полициясының қызметкерлері келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ көлік иелері қолайсыздықты көре тұрып, дөңгелектерін ауыстыруға асығатын емес. Есесіне жол-көлік оқиғасы да жиі тіркеуде.

– Доңғалағыңызды неге ауыстырмайсыз?

– Уақытым жоқ.

– Қашан ауыстырасыз?

– Ертең…

Жүргізушінің салғырттығынан Қызылжар ауданында жол-көлік оқиғасы орын алған. “Ниссан” автокөлігінің иесі рөлге ие бола алмай, жыраға кеткен. Соның салдарынан көліктегі екі жолаушы зардап шеккен. Облыс орталығында да боран мен көктайғақтың зардабын шеккендер көп. Сол себепті техникалық қызмет көрсету орталықтарында да жұмыс қызған.

Николай Наумов, техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері:
Қыс келісімен біздің жұмысымыз қауырт бола түседі. бізге келуші адамдардың көбі кезекте тұрады. Жазғы доңғалақтарды қысқыға ауыстырамыз. Бір машина үшін шамамен үш мың теңге жұмсалады.

Көктайғақ жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті. Сондықтан жол сақшылары көліктегі және сырттағы адамдар қатар ереже сақтап, аяқтарын байқап басқандары дұрыс деп отыр.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
Ауа райының қолайсыздығынан жазғы доңғалақтармен жүру мүмкін емес. Сол себепті де біз жүргізушілермен  алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол үшін бастысы жол қауіпсіздігі ережелерін, яғни облыс орталығында көліктердің арақашықтығын сақтауы маңызды. Әрі жаяу жүргіншілердің жолда аса мұқият болу керек.

Сонымен қатар жол бекеттерінде “Шекара” жүйесі бойынша облыс орталығынан алысқа жолға шыққанда қауіпсіздік шараларын күшейте түсу керек.

Әспет Әбдірешова