Денсаулық сақтау

Жарақаттанғандар көбейді

 

 

Виктор Колесников сәрсенбі күні оқуына бара жатқанда тайғанап құлапты. Осылайша абайсызда жіліншік сүйегін сындырып алған. Жеткіншек Есіл ауданынан 3-ші қалалық ауруханаға жеткізілді. Енді ол өзінің туған күнін емдеу мекемесінде өткізуге мәжбүр.

Виктор Колесников, науқас:
Колледжге сабаққа бара жатқанмын. Сырғанап құладым. Аяғым қатты ауырды. Мұндай жағдайға тап болмас үшін ақырындап жүрген дұрыс.

Бұл жігіттің жағдайы рентгендік тексерістен кейін белгілі болмақ. Ота жасау қажеттілігі бар, не жоқ екенін сол кезде ғана білуге болады. Жарақаттанған жалғыз Виктор емес. Бүгінгі күні көктайғақтың кесірінен зардап шеккендер аз емес. 3 қалалық аурухананың жарақат бөлімі күніне шамамен 50 адамды қабылдайтын көрінеді.

Кешке таман жұмыстан шығып келе жатқанмын. Аяғымда галош болған. Құлап, аяғымды сындырып алдым. Бұрын да осы аяғым жарақаттанған.
Дүкенге нан алуға шыққанмын. Дүкеннен нан алып шыққаннан кейін жолда тайғанап құладым. Тұра алмадым. Жанымдағы 2 әйел көтеріп тұрғызды. Жамбасымды сындырып алдым.  

3-қалалық аурухананың жарақат бөлімі 80 орынға шақталған. Алайда мұнда емделіп жатқандардың саны бүгінгі күні 90-нан асып отыр. Бұл көрсеткішке көктайғақ та әсерін тигізуде

Мейрам Оспанов, №3 қалалық аурухананың травматолог-дәрігері:
Ауа райының құбылмалы болуы – жарақатпен келетіндердің санының артуына септігін тигізуде. Соңғы кездері көктайғақтың кесірінен жарақат бөліміне келушілердің саны ұлғайды.

Николай Серошантов та аяздың салдарынан зардап шеккен. Есіл ауданы Петровка селосындағы үйіне асыққан 32 жастағы азаматтың жолы болмады. Автобустан қалып қойған азамат аялдамада түнеп шыққан екен. Суықтан аяғын үсітіп алған жерлесіміз енді 3-қалалық аурухананың жарақат бөлімінде ем қабылдауда.

Николай Серошантов, науқас:
Аяғым қатты тоңды. Суықтан көзім ілініп кеткен көрінеді, ұйықтап қалдым. Қазір жағдайым біршама жақсарды. Жақын арада толық емделіп шығамын деген үміттемін.


Айдана Демесінова