Әр түрлі

Петропавл әуежайы мемлекет меншігіне қайтарылды

 

 

 

Қазіргі күні Петропавл халықаралық әуежайының ұшақтары тек 2 бағытқа қатынайды. Аптасына  3 күн Алматы және Астана қалаларына тура рейс бар. Яғни таңдау жоқтың қасы. 3 жыл бұрын көлік прокуратурасы органдары облыстық әкімдікпен бірлесіп, нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына кіріскен болатын. Сот үрдісінің созылуына «Құнды қағаздарды тіркеу жүйесі» АҚ компаниясының түрлі сылтаулары себеп болған.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
– 2009 жылдан бері сот процесі жүргізілген болатын. 5 негізгі сот үрдісі өтті. Бұл арыз Алматы қаласында да қаралды. Өйткені акция иелері – «Құнды қағаздарды тіркеу жүйесі» АҚ оңтүстік астанада орналасқан.

Әуежай жеке меншікте болғандықтан, бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді оны қалпына келтіруге миллиондаған қаражат керек. Бұл сома республикалық бюджеттен бөлінуі мүмкін.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
Әуежайдың жұмысын тоқтату немесе тоқтатпау мәселесін әлі айту қиын. Жөндеу жұмыстарының жүргізілетіндігі анық. Уақытша жұмысын тоқтатуы мүмкін. Өйткені тексеріс нәтижесі мәз емес.

2012 жылдың 5 қарашасында Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасының шешімімен СҚО қаржы басқармасының талабы қанағаттандырылды. Оның негізінде «Құнды қағаздарды тіркеу жүйесі» АҚ әуежайдың 22 мың 800 дана акциясын, яғни 60 пайызын басқарманың дербес шотына аударуға міндеттеліп отыр. Сөйтіп, әуежай толықтай мемлекет меншігінде.

Инеш Шоқақова