Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Уәлиханов ауданына жұмыс сапары

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой түзеген 22 үйді аралады. Бұл жұмысты «Нұрсұлтан Құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізген. Баспананың 10-ы қыркүйек айында тапсырылса, қалған он екісі қарашада қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Өңір жетекшісі болашағы жоқ Жұмысшы ауылынан қоныс аударған Ілиясовтар отбасының қонағы болды. Көпбалалы жанұяға аймақ басшысы “Отау ТВ” қондырғысын сыйға тартты.
Ал мұндағы мешіттің іргетасы 2010 жылы қаланған. Қаржы тапшылығынан құрылыс қарқын алмай отыр. Ғибадатхана 500 адамға шақталған. Мешіт Тәуелсіздік күнінде өз есігін тұрғындар үшін айқара ашпақ. Ортақ іске ауыл тұрғындары да ат салысуда.«Күншуақ» балабақшасы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. 40 жылдан астам тарихы бар ғимаратқа биыл алғаш рет “Балапан” бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Терезе, едендері алмастырылып, жаңа қазандық орнатылды. Қазір мұнда 150-ден астам бала тәрбиеленеді. Балғындар өңір басшысына өз өнерлерін көрсетті. “Күншуақ” балабақшасына өңір басшысы теледидар сыйға тартты. Мектепке дейін тәрбие беретін мекемеге жеке кәсіпкерлер де қол ұшын беріп тұрады екен. Аудан орталығын көркейту жұмыстары барысында «Жұмбақтас», «Бейбітшілік пен келісім сарайы» сынды демалыс орындары қолданысқа берілді. Қазір тәуелсіздік стеласы бой көтеруде. Ол бірінші желтоқсан, тұңғыш Президент күні салтанатты түрде ашылмақ. Жеке кәсіпкер Мейірбек Құсайынов  өз қаражатына шағын спорттық кешен тұрғызуда.
Аудандық мәдениет үйінде сахна шымылдығы жаңаланды. Ғимарат айналасына тас төселді. Ал «Жолдасбай агро» фермерлік қожалығы биыл 400 асыл тұқымды ірі қараға арнап қора тұрғызып жатыр. Жобаның жалпы құны 475 миллион теңге. Сондай-ақ «Ар» серіктестігі сыйымдылығы 11 000 тонна болатын элеватор салуда. Құрылыс тамыз айында басталған. Бүгінгі күні мұнда үш компания қызмет етуде. Облыс басшысы Серік Біләлов ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысына оң бағасын берді

Материалды “Қазақстан-Петропавл” телеарнасының тілшілері әзірледі