Мәдениет

Көкшетаулық қолөнершілер көрмесі

 

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында суық батик, боди-арт, кескіндеме, графика, гобелен, ши, тоқу негізінде дүниеге келген туындылар етек жайған. Бұл техникалық стильдердегі еңбектер Көкшетау қаласының “Көкше” академиясының оқытушылар ұжымы мен студенттерінің қолымен жасалыпты.

Гүлнар Мұқжанов, “Көкше” академиясының әлеуметтік және экономикалық департаментінің директоры, Көкшетау қаласы:
– Мақсатымыз петропавлдықтар мен қала қонақтарын академиямыздың шығармашылығымен таныстыру. Біз сәулеттік, графикалық және өндірістік мамандарды даярлаймыз. Өткенсіз бүгін жоқ. Сондықтан еңбектерімізде қазіргі жетістіктеріміз бен тарихты сабақтастыруға тырыстық.  

Мазмұны ата-баба шежіресімен үндестірілгенімен көрмеге еңбектерін қойған қолөнершілердің әрбір композициясы өз алдына ерекше нақышта, әсем орындалған. Материалдары да сан қилы, безендерілуі де әр түрлі. Қылқалам бояулары, мата, киіз,шыны, ағаш, былғарыдан тіпті темірден жасалған  қолданбалы өнер бұйымдарын кездестіруге болады.

Рустам Яковлев, “Көкше” академиясының дизайн пәнінің аға оқытушысы, Көкшетау қаласы:
Мына түркі елдері батырының сауыты 25 мың 300 сақиналы темір сымнан құрастырылды. Салмағы 23 келі. Сондай-ақ былғарыдан түрлі бұйымдар жасап әкелдім. Олар да негізінен тарихпен байланысты. Кенже қалған бұл өнерді жалғап, өскелең ұрпаққа негізін жоймай жеткізу керек деп санаймын.  

Түрлі көркемдеу жанрын меңгерген он саусағынан өнер тамған шеберлердің көздің жауын алар еңбектері кімді болмасын бей-жай қалдырмасы сөзсіз.

Мен өзім қылқаламға жақынмын. Бұл шыдамдылық пен ынта, күш жігерді, тиянақтылықты талап ететін әуестік. Сондықтан көкшетаулықтардың өнеріне тәнті болдым.
Шыныдан жасалған картиналар өте әсерлі. Абстракті петрогливті қиялдың үйлесімді жиынтығынан құрылған. Тарихтан сыр шертетін жәдігерлер де шынайы, тартымды етіп орындалған.

Мұнда Ақмола облысы орталығының сәнін келтіріп көркіне айналған мәдени және өндірістік нысандарының аса дәлдікпен түсірілген шағын үлгілері де жайғасқан. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында көкшетаулық шеберлердің көз тартар туындыларын бір ай бойы тамашалауға болады.

Жеңіс Ермұқанов