Мәдениет

Погодин театры жаңа қойылым әзірлеп жатыр

 

Бұл Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» деп аталатын комедиясынан үзінді. Хикаяда барлық нәрсені алып-сатуға болатын қазіргі заман жайлы баяндалады. Күйеуімен 20 жыл отасқан Елена  жолдасының келуіне дайындалып жатады. Кенеттен үйге күйеуінің көңілдесі келіп, бар сырын жайып салады. 20-ға толмаған қыз Елена Владимировнаның ерін мақтап, оны 200 мың долларға сатып алғысы келетіндігін білдіреді. Комедия осылайша басталып, мазмұны бұл төңіректе өрбиді. Қызықты оқиға қалай аяқталатыны қарашаның 23-і белгілі болмақ. Әзірге актерлер қойылымның премьерасына қызу дайындалуда. Жас қыздың рөлін Оксана Дергачева ойнайды. Бұл бойжеткеннің алғаш рет сахнаға шығуы болмақ.

Оксана Дергачева, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:
-Тәжірибесі мол актерлермен 1 сахнаға шығып ойнау, әрине оңай емес. Дегенмен кейіпкерімнің образына ену үшін тырысып жатырмын. Әріптестерім де көмектесіп жатады. Қойылымды жақсы сахналаймыз деген үміттемін.

Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын сахналау идеясы Владимир Шустовтың ойына келді. Бұл туынды көрерменді күлдіріп қана қоймай, оларға белгілі бір ой да тастайды. Спектакльдың режиссері де, басты рөлді ойнайтын да Владимир Шустов.

 Владимир Шустов:
Биыл 65 жасқа толдым. Осыған орай көрермендердің назарына Михаил Задорновтың комедиясын ұсынғым келеді. Қойылымды сахналауға 3 кісі жұмылдырылды. Ол мен, менің жарым Людмила және жас актриса Оксана Дергачева.

Солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым бұл қойылымды қарашаның 23 мен 24-і Н.Погодин атындағы орыс драма театрында тамашалай алады.

Айдана Демесінова