Білім

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне – 70 жыл

 

 

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің тарихы әріден бастау алады. Ресейдің Ленинград қаласынан сонау сұрапыл соғыс жылдары көшірілген оқу ордасына биыл 70 жыл толады. Қиын-қыстау шақтарда бөтен жерге қоныс аударған оқытушылар мен студенттерге жергілікті тұрғындар көп көмек жасаған. Колледж басшысы Александр Мерктің тарих жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті оятып, барды қадірлеуге шақырады дейді.

 Александр Мерк, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:
– Біздің Қазақстанда жерін, елін сүйген адамдар өте көп. Оқу ордасының қалыптасу тарихында көптеген қазақ отбасылары жатақханалар болмаған кезде студенттерді үйлеріне алып, қамқорлық көрсеткен. Техникумның тарихында осындай кездер де болған.

Бүгінде бір жарым мыңға жуық студент білім ошағының қабырғасында 14 мамандық бойынша білім алады. Студенттердің бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, оларды ізгілікке толы жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге мұнда зор мән беріледі. Студенттер мен оқытушылардың басын қосқан конференция да осы тақырып төңірегінде болды. Кездесуден өздеріне пайдалы кеңес алғандардың бірі – Полина Исатченко.

 Полина Исатченко, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Өзің тұратын елдің тарихын, әдет-ғұрыптары мен дәстүрін қадірлеу керек. Айналаңдағы адамдарға құрметпен қарау керек.

Сонымен қатар жиын барысында жақында оқу ордасында ұйымдастырылған «Мен колледжімді мақтан тұтамын» шығармалар сайысының қорытындысы шығарылды. Оның нәтижесі бойынша үшінші курс студенті Анастасия Рысева үздік деп танылды.

 Анастасия Рысева, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Өз шығармамда мен колледждің қазақ жерінде қалыптасуында болған қиын кездеріне тоқталдым. Оның бүгінгі күнге дейін қалай сақталғанын және оқытушылар ұжымының еңбегін де атап өттім.

Ал оқу ордасының 5 оқытушысы облыстық Қазақстан Ассамблеясының алғыс хаттарына ие болды.

Әспет Әбдірешова