Құқық қорғау органдары

Әскери бөлім мерейтойы

 

Міне, жарты ғасыр бойы 6637 бөлімінің офицерлері сарбаздарды әскери қызметке үйретуде. Бұл міндеттің маңыздылығын облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов атап өтті.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев ел қорғанысын нығайту жұмысын әр уақытта қадағалауда. Бүгінде республикамыздың қарулы күштері барлық деңгейдегі материалдық-техникалық базамен қамтылуда.

Салтанатты жиында бірқатар офицерлерге облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, мерекелік төсбелгілер мен арнайы сағаттар табысталды. Мерейтой құрметіне жауынгерлік міндеттерін адал атқарған әскери қызметшілерге сыйақы берілді. 6637 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон штабының бастығы Өміржан Сахатов осы құрметке бөлінгендер қатарында.

Өміржан Сахатов, 6637 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон штабының бастығы:
2002 жылы әскери өмірімді бастадым. Әскери институтты тәмамдадым. Бұл әскери бөлімде 2006 жылдан бастап қызмет етемін.

ҚР ІІМ ІӘ қолбасшысының орынбасары Альберт Маткаримов елімізде әскерилерге барынша қолдау жасалатынын айтады. Бөлімдер қажетті техникамен қамтылуда. Баспана мәселесі де назардан тыс қалмайды дейді ол.

Альберт Маткаримов, ҚР ІІМ ІӘ қолбасшысының орынбасары:
Биылғы жылдың өзінде 200-ден астам техника сатып алынды. Келесі жылы әуе құрылымдары жаңа ұшақтар және тікұшақтармен қамтылмақ. Сіздердің құрылымдарыңызға биыл офицерлер мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерге 15-тен астам пәтер алуға қаражат бөлінді.

Виктор Крикливый – 1962 жылы 3 қарашада құрылған әскери бөлімнің алғашқы сарбаздарының бірі. Ол кезінде жігіттер 3 жыл бойы азаматтық міндетін атқарыпты.

Виктор Крикливый:
Мен 1962 жылдың 4 қарашасында өзімнің әскери борышымды өтеуге шақырылдым. 3 жыл бойы әскерде батылдыққа, тәртіпке үйретті. Бүгін өзім сарбаз болған бөлімнің 50 жылдығына келіп, сол кездерді есіме түсіріп отырмын.

6637 әскери бөлімінің 47 жаяу және 3 автокөліктен құралған жеке құрамы өздеріне жүктелген әскери-жауынгерлік қызметті абыроймен атқаруда. Олар әрдайым қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға, төтенше жағдайларды жою мен заңбұзушылықтардың алдын алуға барынша күш салуға әзір.

Инеш Шоқақова