Қоғам

“Халықтық IPO” жобасы жүзеге асырыла бастады

 

 

 

“КазТрансОйл” АҚ “Халықтық IPO” жобасы аясында алғашқылардың бірі болып   құнды қағаздарын қаржылық биржаға шығарды. Солтүстікқазақстандық Борис Шипулин өңірімізде Ұлттық компанияның алғашқы акционері атанды. Петропавл қалалық теміржол колледжінің оқытушысы нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа тәуелді бастамаға қатысуға қорықпайтынын айтады. Үлескер тәуекелге барып 400 акцияны бірақ алыпты.

 Борис Шипулин, Петропавл қалалық теміржол колледжінің оқытушысы:
– Негізгі мақсат – ең мықты қазақстандық компаниялардың акцияларына  жұрттың қолын жеткізу ғой. Меніңше бұл кез-келген қазақстандық азамат үшін қызықты әрі тиімді болады. Құжатты иемденуші кәсіпорынның пайдасынан өз үлесін алуға құқылы. 40 пайыздық дивиденд беріледі. Акция өсе түскенде, сата аламын. Қаражатты депозитте жинағаннан гөрі бизнеске құйғанды тәуір деп санаймын. Сондықтан өміршең жобаны жолдастарым мен жақындарыма насихаттап  жүрмін.  

Еліміздегі 400-дей өндіріс ошағы толықтай зерттеліп, нәтижесінде негізгі талаптарға жауап беретін ең үздік деген 10 Ұлттық компания таңдалып алынды. Іріктелгендердің көш басында “ҚазТрансОйл” АҚ – мемлекеттегі мұнай  тасымалдаушы ең ірі кәсіпорын тұр. 1997 жылдан ел нарығында қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда ғана жеке таза табысы 15 млрд теңгеден 25 млрд-қа дейін өскен.  Ауқымды іске араласамын деуші халық өндірістің тек 15 пайыздық акциясына дейін қаржы құя алады. Бір құнды қағаздың бағасы 725 теңге деп белгіленіпті. Бұл науқанға өңіріміз де белді бекем буып кірісіп кетті. Негізгі қызметтерді “ҚазПошта” АҚ СҚОФ мамандары  көрсетеді.
Сұраныс бар. Десе де бұрын-соңды мұндай жоба болмағаннан кейін ел-жұрттың әлі де білетінінен білгісі келетіні көп. Сондықтан республика жұртшылығының қаржылық сауатын ашу үшін кешенді үгіт-насихат шаралары жүргізілуде. Бұл үрдіске жеке тұлғалар мен зейнетақы қорларын тарту 67 брокерлік және дилерлік ұйымдарға жүктелген. Жерлестерімізді жоба жайынан “СҚО Азаматтық Алянс қауымдастығы” ҚБ мүшелері құлағдар етіп жүр.

 Сергей Худяков,  “СҚО Азаматтық Алянс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:
– Өзге елдің экономикасына қаржы құйғаннан гөрі Ұлттық компаниялардың акционерлері болған дұрыс. Бұл ретте ел кәсіпорындарының табысы өскен сайын акцияның құны жоғарылайды. Солтүстікқазақстандықтар да ірі кәсіпорындардың инвесторы атанып, дамуына өз үлестерін қоса алады. Бұны пайдаланып қалған дұрыс болады.  

“ҚазТрансОйл” АҚ құнды қағаздары халыққа алдағы желтоқсан айының 5-не дейін сатылады.

 

Жеңіс Ермұқанов