Мәдениет

«Қазақстан камератасы» оркестрінің концерті

 

 

Музыканың құдіретін сезініп, классикалық туындыларды қастерлейтін жерлестеріміз бұл концертті талайдан күткен. Әрі мұндай керемет кештер қаламызда жиі бола бермейді. Сондықтан да өнерге шөліркеп қалған жерлестеріміз залды толтырды.

 – Концерттен жақсы әсер аламыз деген ойдамын. Жаңа туындылармен танысу үшін отбасымызбен бірге келдік.
– Мен классикалық музыканы жақсы көремін. Әрдайым осындай концерттерден қалмауға тырысамын.
– Жақсы әсер күтеміз. Таңғажайып концерт өтеді деп ойлаймыз.

Өнер ұжымы кешті сазгер Алмас Серкебаевтың «Шалқыма» күйімен ашты. 15 жыл бұрын ҚР халық әртісі Гаухар Мұрзабекованың бастамасымен шаңырақ көтерген “Қазақстан камератасының” құрамында 18 музыкант бар. Олардың дені скрипка, виолончель, альт, контрабас аспаптарында ойнайды. Жалпы өнер ұжымы Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Венгрия елдерінде сахналардан көрініп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

 Мұса Керімбаев, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік   оркестрінің мүшесі:
– Көптеген жерлерде, көптеген елдерде концерт қойып, Қазақстанның атын шығарып жүрміз тек қана жақсы жағынан. Қазақ музыкасын таныстырып шет елдерге. Концерттеріміз жоғары деңгейде өтіп жатады.  

Ал итальяндық музыкант Джузеппе Нованың сахнаға шығуы өз алдына ерекше сый болды. Сиқырлы флейта әуенімен талай халықаралық турнирлерде өзінің асқан шығармашылық шеберлігімен танылған әртістің орындауындағы әуендер жергілікті сахнада да қалықтады.

 Джузеппе Нова, итальяндық флейташы:
– Мені көрермендер өздерінің ыстық ықыластарымен аса жылы қабылдады. Бүгін мен өзімнің сүйікті итальяндық композиторым Меркодантенің шығармасын орындадым. Флейта аспабында мен 13 жасымнан ойнаймын. Отбасымда ешкім музыкаға әуес болған жоқ, сондықтан да өздігімнен үйрендім. Жалпы мен классикалық музыкаға, соның ішінде бароккоға әуеспін. Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын болғанмын. Тағы да концертке қатыс деген ұсыныс түссе, қуана келісемін.

Классикалық музыка кеші жергілікті көрерменнің көңілінен шықты.

 

Әспет Әбдірешова