Спорт

Бокстан Камиль Сафиннің жүлдесі үшін турнир

 

 

 

Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Камиль Сафиннің жүлдесі үшін жарыс ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Тартысты доданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.

 Фархад Қуанғанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын сақтауға ерекше тоқталатыны баршаңызға мәлім. Өйткені дені сау халық елдің экономикалық-әлеуметтік нығаюының негізі.

Былғары қолғап шеберлері арасындағы 17-ші турнирге еліміздің Астана, Жезқазған, Балқаш, Сәтпаев қалалары мен Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 110-ға жуық спортшы жиналыпты.

 Камиль Сафин, КСРО спорт шебері, әлем Кубогінің иегері:
– Жарыс енді басталды. Әзірге алдын-ала кездесулер өтуде. Финалда жеңімпаздарымыз көп болады деген ойдамын. Бұл жарыста әрине Солтүстік Қазақстан облысы үшін тілектес боламын.

Боз кілемге алғашқы болып шығып, қолғап түйістіргендердің бірі – Әділ Игілік. Ғ.Мүсірепов ауданынан келген жасөспірім бұл кездесуде өзінің ептіліген көрсетіп, жеңіске жетті. 42 келі салмақта өнер көрсеткен Әділ бокстан балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі  Мұхамед Әли Закариямен кездесті.

 Әділ Игілік, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Қарсыласым мықты болды. Жарыстарға дайындалып, оған қатысу да жеңіл емес. Ол көп дайындықты талап етеді.  

Жарыстың алғашқы күні рингте 24 кездесу өтеді. Жезқазғандық Айбарыс Өтеген де жүлдеден үмітті. Спортшының боксқа ден қойғанына 4 жылдан асқан.

 Айбарыс Өтеген, жарысқа қатысушы, Жезқазған қаласы:
– Мен Петропавл қаласының боксшысымен кездестім. Бірінші кездесу қиын болды. Бұған дейін де көп жарыстарға қатыстым. Көкшетау қаласында халықаралық жарысқа қатысып, екінші орын алғанмын.

Турнир 4 күнге жалғасып, жеңімпаздардың есімдері қарашаның 10-да белгілі болады.

 

Әспет Әбдірешова