Мәдениет

Ауыл-село өнерпаздарының байқауы

 

 

 

Мәдениет үйіне келген қонақтарды қазақ ардагерлер хоры «Әгугай» әнімен қарсы алды. Әсем әннен кейін азаматтар қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесіне тәнті болды. «7 қасиет» атты театрландырылған композиция да келушілердің жүрегіне жол тапты. Еліміздегі ұлы тұлғалардың кейпіне енген актерлер 7 игі қасиетті тізіп шықты. Сондай-ақ қазылар алқасының назарына Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасынан үзінді ұсынылды. Бұл жерде кітаптар көрмесі де ұйымдастырылды. Онда Қызылжар ауданы ақын-жазушыларының еңбектері қойылды.Кейін жиылғандар ауданның шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалады.  Куйбышев селолық округынан келген Грязновтар жанұясы өткен жылы да осы байқауға қатысыпты. Бұл жолы дарынды отбасы «Соловьиная роща» әнін орындады.

Марина Грязнова, Боголюбово ауылының мәдениет үйінің директоры:
-Бұл өлең көңілді жайландырады. Ол адамдарды болашақ туралы жақсы ойлауға шақырады. Өткен жылы біздің аудан 1-орын алған болатын. Биыл да жақсы көрсеткішке жетсек деген ойдамыз.

Мұндай байқау өңірімізде жыл сайын өтеді екен. Биылғы сын жерлесіміз Ғ.Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына арналып отыр. Қазылар алқасы 10 ауданның концерттік бағдарламаларын байқап үлгерді. Келесі кезекте Мамлют, Айыртау және Жамбыл аудандары өнерпаздарының өнеріне тәнті болмақ.

Таңат Бейсенбаев, облыстық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім бастығы:
-Әр ауданның өзінің қол жеткізген жақсы табыстары бар. Әр аудан өз деңгейлеріне байланысты шығармашылық кештерді әр түрлі қылып жаңғыртып жатыр. Қызылжар ауданы басқа бір қырынан өнер саласын көрсетіп жатыр. Барлығына да тек сәттілік тілейміз.

Байқау қорытындысы желтоқсан айының басында белгілі болмақ.

Айдана Демесінова