Спорт

Жазғы ат жарысы маусымы жабылды

 

 

 

Сәйгүліктер бәйгенің 9 түрінен сынға түспек. Шабандоздарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Елбасымыз ұлттық спорт түрлерін насихаттауға баса назар аударады. Бұл халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметтің белгісі. Облысымызда осы бағытта талай жұмыстар қолға алынды. Біздің мақсатымыз – республика бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу.

Сондай-ақ жарыс алдында кейбір шабандоздарға спорт шеберіне үміткер атағы табысталды. Ержан Әскеровтың ат спортымен кәсіби түрде шұғылдана бастағанына 3 жыл. Ол алдағы уақытта спорт шебері атағына ие болуға тырыспақ.

Ержан Әскеров, шабандоз:
– Мен Шал ақын ауданы Жаңажол ауылынан келіп отырмын.  Павлодар қаласында өткен жарыста аударыспақтан 3-орын алғанмын. Алдағы уақытта да жоғары нәтижелер көрсеткім келеді.

Алқашқы болып жарыс жолына шыққан сәйгүліктер 5 мың метрлік қашықтықты бағындырулары тиіс. Барлығы 3 айналым. Жорға жарыста 45-нөмірлі қатысушы мәре сызығын алғаш болып кесті. Дегенмен ол жарыс талабын бұзып, соңғы секундтарда шауып өткен. Сондықтан жеңіс «Залп» аталатын сәйгүлікке бұйырды. Көрсеткен уақыты – 9 минут 7 секунд.

Татьяна Коротаева, шабандоз:
«Залптың» жасы 3-те. Біз күн сайын жарыстарға дайындаламыз. Жаттығамыз. Соның арқасында мықты қарсыластардан оза білдік.

Өзге жарыстарда да шабандоздар намысты қолдан бермеуге тырысып, мықтылары жеңімпаз атанды.

Инеш Шоқақова