Құқық қорғау органдары

Заңсыз саудадан алынған тауарлар жойылды



 

Құзырлы органдардың заңсыз кәсіпкерлерден соңғы үш айда тәркілеген заттары көлікке тиеліп, қоқыс орнына жеткізілді. Тыйым салынғанымен оңай жолмен ақша табуды көздейтін тапқырлар арам істерін доғаратын емес. Сондықтан сот орындаушылары әр тоқсан сайын рұқсат етілмеген тауарларды қатты қалдықтар полигонына шығарып көзін құртып отырады екен.

 Карен Далланян, СҚО сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– Бұл жолы 716 дана DBD дискісі заңсыз сатылған жерлерден тәркіленген. Сондай-ақ 500 -ге тарта бөтелке алкаголь өнімдері саудалауға жарамсыз деп танылды. Негізінен аксиз маркілері жоқ. Сапасы мен сақтау мерзімдері көрсетілмеген өзге тұрмыстық затар да сот шешімімен жоюға жатады.  

Айлакер саудагерлер сапасын растайтын құжаты жоқ өнімдердің пайдасын енді көре алмайтыны анық. Күмән тудыратын халық тұтынатын тауарлар бір жерге үйіліп, 17 тонналық шынжыр табан трактордың үшімен жермен жексен етілді. Ауыр салмақтан шытырлап жарылған сусындардан тек шыны үгінділері қалды. Өзгелері де езіліп жарамсыз қалдыққа айналды. Заңға қайшы әрекеттері әшкереленіп шығынға ұшыраған кәсіпкерлер тауарларынан айырылып қана қоймай әкімшілік жауапкершілікке тарттылып, айыппұл төлеулеуге мәжбірленді.

Жеңіс Ермұқанов