Қылмыс

Велосипед жүргізушісін соғып, оқиға орнынан ізін суытқан көлік иесі қолға түсті



 

 

Қарашаның 3-і Қызылжар ауданы Якорь селосының маңындағы тас жолда ер адамның мүрдесі табылған. Ал оның жанында жатқан омырылған велосипед жол-көлік апатының болғанын айғақтайды. Қаза тапқан адам анықталды. Ол 61 жастағы Якорь селосының тұрғыны болып шықты. Бұл қайғылы оқиғаны көрген бір де бір жан табылмады. Полицейлер мүрде табылған жерді мұқият қарап шықты.

Юрий Никонов, СҚО ІІД ЖПБ іздеу бөлімінің бастығы:
-Автокөліктің фрагменттері табылды. Осы бойынша көліктің маркасы «Ниссан Серена» болғандығы анықталды. Есеп базасын тексергенде мұндай маркілі темір тұлпардың саны 300-ден асты. Оның түсін анықтап, 100-ден астам машинаны тексердік. Іздестіру жұмысына ЖПБ қызметкерлері мен Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері жұмылдырылды.  

Нәтижесінде жол сақшылары автокөлік иесінің ізіне түсті. Көлік техникалық қызмет көрсету станциясынан табылды. Қарашаның 3-і оның иесі де ұсталды. Ол 36 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті түні бойы қалада жолаушыларды тасымалдап, таңертең қала маңындағы ауылдан азаматтарды алып келу тапсырысы түскенін айтты.

 Күдікті:
Жолға шыққанда қатты шаршағанымды сезіп, ұйқым келді. Якорь селосының белгісін көріп, жылдамдықты бәсеңдеттім. Бір уақытта көзім ілініп кетті. Бірденеге соғылғанымды сезіп, оянып кеттім. Тіршілік иесін қағып кеткенімді сезіп, шошып кеттім. Оқиға орнынан жасырындым.

Қазір сезікті Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау изоляторында. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жыл басынан өңірімізде жаяу жүргіншіні соғып, ізін суытқан 34 жағдай тіркеліпті. Оның 7-уі қайғылы аяқталды.

Айдана Демесінова