Балалар

Студенттердің еңбек ету мүмкіндіктері бар

Студенттік еңбек биржасын құрудың басты мақсаты еңбекке жарамды шәкірттерді оқуынан қол үзбей маусымдық жұмысқа тарту. Бұл мүмкіндікті Алтын Бекіш қалт жібермепті. Теміржол колледжінің 4-ші курс студенті күндіз білім нәрінен сусындаса, түстен кейін тәтті сусындар цехында жұмыс жасап нәпақасын тауып жүр.

 Алтын Бекіш, теміржол колледжінің студенті:
– Жұмысқа тұрғаныма өкінбеймін. Сабағымды да 5-ке оқып, азын аулақ тиын-тебен табуға үлгеріп жүрмін. Еш қиындығы жоқ. Жалақым жаман емес. Өзіме артып жетеді.  

Дарья Дорофеева да аталмыш өндіріс ошағында шырын құю операторы мамандығын енді меңгере бастады. Сырттай оқып жүрген еңбеққор жас жаңадан құрылған әлеуметтік қызметтің көмегімен екі қолға бір күрек тауыпты.

Дарья Дорофеева:

 

– Бұған дейін де уақытымды зая кетірмеске табыс көзін іздеген болатынмын. Бірақ барған жерлерімде мекеме басшылары жоғары білім мен еңбек өтілімнің болуын талап етті. Менде екеуі де жоқ. Студенттік биржа мақсатыма жетуге қол ұшын берді.  

“Ароматика” компаниясында жазғы демалыс уақытында 70-ке тарта студент маусымдық жұмыспен қамтылыпты. Бүгінде бағдарлама аясында орта кәсіптік білім беру ошақтарының 3 студенті тұрақты табыс тауып жүр. Өзгелері оқу жылы басталғалы білім қууға қайта көшкен. Кәсіпорын жаңа жылдан түнгі ауысымда да жұмыс жасау үрдісін енгізбекші. Ол кезде екі еселенген жалақы тағайындалмақ.

 Лариса Доркина,  “Ароматика” компаниясының директоры:
Студенттік биржамен қарымқатынасымыз жақсы. Олар бізге әрдайым студентерді жіберіп тұрады. Оның біразы бізде табысты еңбек етті. Біршамасы бүгін де еңбекке тартылған. Болашақ мамандар шыңдалып білімдерін бекіту үшін тәжірибе жинақтауы керек. Сондықтан бұл бастаманы толықтай қолдаймын.  

Жұмыс ұсынушылар мен жастарды біріктіретін ұйымға үстіміздегі айда ғана 103 студент екі қолға бір күрек іздеп келіпті. Оның 82-сі мекеме басшыларымен кездесуге жіберілді. 28-і діттегеніне жеткен.

Жеңіс Ермұқанов