Аптадағы маңызды жаңалықтар

Майдангердің ордені ұрпақтарына табыс етілді

 

 

Қазіргі Аққайың ауданының тумасы Қожахмет Ерденов Ұлы Отан соғысына 1941 жылы аттанған. Қатардағы жауынгер 235-ші атқыштар полк құрамында жаумен шайқасады. Жарақат алып әскери госпитальда жарасынан айыққан соң майданға қайта жіберіліпті. Содан Берлинге дейінгі соғыс жолын жүріп өткен. Елге оралғаннан кейін де ардагер қан майдандағы ерлігін тіс жарып ешкімге айтқан емес дейді әкесін есіне алған ұлы.

Еламан Қожахметов, ардагердің ұлы:

-Әкем тек атқыштар сапында жаумен шайқасқандығын ғана айтты. Майданда көрсеткен ерлігін ешкім білмейді. Оны өзі де айтқан емес. Тек бір наградам бар, берілуі керек еді деп есіне алатын. Оған мұрағаттарды ақтару арқылы дәлел таптық. Ол Қызыл жұлдыз ордені екен.

Майдангердің ұрпағына  Қызыл жұлдыз  ордені мен кітапшасын, еліміздегі Ресей Федерациясы елшілігінің өкілі, әскери атташе Николай Покась табыс етті.

Николай Покась, Қазақстандағы РФ елшілігінің өкілі, әскери атташе:

-3 жылда 100-ден астам қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін анықтап, оларға тиісті наградаларын табыстадық. Қазіргі күні Қазақстан мен Ресей өз алдарына бөлек мемлекеттер болғанымен Кеңес Одағы тұсында олар Отан үшін жаумен бірге шайқасты. Сондықтан қарт жауынгерлердің ерліктері екі жаққа да ортақ деп білемін.

Қатардағы жауынгердің Ұлы Отан соғысы жылдарында қандай ерлік көрсеткендігі беймәлім. Алайда сол кезде оған Қызыл жұлдыз орденін табыстау туралы бұйрыққа қол қойылғандығын растайтын құжаттар Ресей Федерациясының мұрағатынан табылған. Қалай десек те орден иегері 1955 жылы дүниеден өтсе де ардагерге тиесілі марапат бүгінде оның балаларының қолына табысталды. Бұл өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары сөзсіз дейді майдангердің туған-туыстары.

Самат Есмағи