Құқық қорғау органдары

Жол полицейлері рейдінің қорытындысы

 

 

 

Рейдтің екі күні ішінде, жол ережесін сақтамағаны үшін салынған әкімшілік айыппұлды уақтылы төлемегендері үшін 10 жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына жеткізілді. Ал темір тұлпар иелері болса салынған айыппұлды төлеуге уақыттың болмағандығын айтып ақталуда. Бірақ ол сылтау емес. 30 жұмыс күні ішінде әкімшілік хаттамада көрсетілген соманы төлеуге машина айдаушылар міндетті, әрі уақыт та жеткілікті. Егер сіз қала тұрғыны болсаңыз, әкімшілік айыппұл салынған жағдайда оны тез арада төлеп, түбіртекті Ғабит Мүсірепов көшесінің бойындағы 34 «Б» мекен-жайында орналасқан жол полиция бөліміне жеткізуіңіз керек.

Болат Жексембинов, СҚО ІІД ЖПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы:

-Біз сот орындаушыларымен бірлесіп, жол ережелерін бұзып әкімшілік айыппұлдарын төлемей қашып жүрген көлік иелерін іздестіру тұрғысында рейд ұйымдастырдық. Жол полициясының қызметкерлері айып төлеуден бой тасалап жүргендермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір жол бекеттерінде арнайы автоматтандырылған «Поток» құрылғысы жұмыс істеуде. Біз осы жүйе бойынша көліктерді анықтап, оларды айып тұрағына қоямыз.

Осы сынды шаралар алдағы уақытта да жиі өткізіліп тұрмақ. Инспекторлар  ереже бұзған жағдайда әкімшілік айыппұлды 30 күн ішінде төлеу керектігін ескертеді. Талап орындалмаса, мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылмақ.

Самат Есмағи