Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында – жаңа қойылым.

 

Жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр” атты комедиясы – мәңгілік шығармалардың бірі. «Дөкей келе жатыр. Күтіп алыңдар» деген телеграмма бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызады. Яғни барлық ауыл бірігіп қаладан келе жатқан басшыны күтіп алмаққа дайындалады. Қойылым бойы көріністер осы бағытта өрбиді.

Батырбек Шамбетов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қоюшы-режиссері:
– 8 адам қатысады. Бір ерекшелігі, Астанадан өнер академиясын бітіріп келген жастар бар. Өзіміздегі өнер колледжінің студенттері жұмылдырылды. Идеясы – қазіргі бастықтар, бастық кімнен қорқады, өзінен жоғары тұрғаннан қорқады. Сол төңірегіндегі шығарма болады.  

Қойылымды театр ұжымы екі ай дайындаған. Спектакльдегі басты кейіпкер Көпейдің ролін ойнаған театр актері Мақсат Ақжолов бастық келер алдында абыржыған адамның бейнесін жақсы алып шықты.
 
Мақсат Ақжолов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
– Мұндағы менің ролім – Көпей деген сол бөлімшенің басшысы. Басшы келер кездегі, соны күтер кездегі адамның сасқалақтауы, қобалжулары, сол тақырыпта қойылған. Дөкей деген сол ауылдың баласы 4 жыл оқуда болған, сол келетін болып телеграмма жібереді. Ол енді Дөкей дегенде бізге басқа «дөкей» еске түседі ғой. Ешкім сол ауылдың баласы келе жатқанын ойламай, істелінбей жатқан жұмыстарды бітіреді.

Актерлердің ойыны көрермендің жүзіне күлкі үйіріп, ыстық ықыласына ие болды.

Әспет Әбдірешова